Home Басты жазба Су тапшылығы дәуіріндегі жаңа ойын кімге  тиімді?

Су тапшылығы дәуіріндегі жаңа ойын кімге  тиімді?

32

Орта Азияда су тапшылығы жылдан жылға күшейіп барады. Мұздықтар еріп, өзендер тартылып, егіс алқаптары мен қалалардың суға деген тәуелділігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Арал теңізінің апаты әлі де толық жойылған жоқ. Осындай күрделі жағдайда 2025 жылы күтпеген жаңалық болды: Ресей Сібір өзендерінің бір бөлігін Қазақстан мен Өзбекстанға бұру жобасын қайта зерттеуге кірісті.Бұл ұсыныс – жаңа идея емес. Бұл – Кеңес дәуірінен бері келе жатқан, көлемі жағынан да, салдары тұрғысынан да аса даулы мегажоба. Инженерлер оны әлеуетті шешім ретінде көрсетті, экологтар қауіп-қатер туралы ескертті, саясаттанушылар оның геосаяси астарын талқылады.                                                                                                                   Дегенмен, Ресей неге дәл қазір бұл жобаны қайта көтерді?
Су тапшылығы үшін шынайы ынтымақтастық па, әлде Орта Азияны жаңа тәуелділікке салатын «су құбыры дипломатиясы» ма? Енді осы  сұрақтың астарына үңіліп  көрелік.

Кеңес кезеңіндегі Сібір жобасы: утопия ма, әлде мегажоба ма?

Сібір өзендерін Қазақстан мен Орта Азияға бұру идеясы алғаш рет 1930-жылдары көтерілді. Сол кездегі кеңестік идеология табиғатты өзгертуге, оны басқаруға және оны экономикаға «жұмылдыруға» үндейтін еді.
Ал, 1960–1980 жылдары жоба үлкен саяси қолдауға ие болды. Басты мақсаттар:

  • Қазақстан далаларын суару;
  • Өзбекстан мен Түрікменстандағы мақта алқаптарын ұлғайту;
  • Арал бассейніндегі су тапшылығын жабу;
  • Солтүстік су ресурстарын «артық» деп бағалап, оңтүстікке бағыттау.

Жобаның негізгі нұсқасы:

  • Ұзындығы 2200–2500 шақырым канал;
  • Жылдық су көлемі 25–60 млрд м³;
  • Обь–Ертіс арнасынан бастап, Тобыл–Торғай арқылы Аралға дейін жететін бағыт.

Бұл – дүниежүзіндегі ең үлкен су жолдарының бірі болуы тиіс еді.

Алайда,1986 жылы жоба тоқтатылды. Негізгі себептер:

  • қаржылық шығынның шамадан тыс болуы;
  • климат пен Арктика бассейніне түсетін ықтимал экологиялық залал;
  • ғалымдардың қарсылық жасауы;
  • Кеңес экономикасының әлсіреуі;
  • қоғамдағы экологиялық қозғалыстардың күшеюі.

Солай  бола  тұрсада, жоба ұмыт қалған жоқ. Кеңес дәуірінен бері бұл тақырып орыс ғылыми институттарында да, геосаяси дискурста да үнемі қозғалып келді.

Ресей неге дәл қазір бұл  жобаны  қайта көтерді?

Оның  бірнеше  себебі бар секілді. Біріншіден, нақтылап айтар  болсақ, Орта Азия мемлекеттері бүгінгі таңда:

  • мұздықтардың 50–70% жоғалту қаупімен бетпе-бет;
  • 2030 жылға қарай 5–7 млн адамды су тапшылығы қатты сезіндіреді;
  • Амудария мен Сырдария ағындары 30–40% азаюы мүмкін.

Қысқасы, су – аймақтың әлсіз нүктесіне айналды.
Түсінген  адамға, бұл – сыртқы күштер үшін де өте қолайлы геосаяси құрал.

 

Екіншіден,  Ресейдің аймақтағы ықпалы әлсіреп барады.

Керісінше, Қытай, Түркия, АҚШ, ЕО – бәрі де Орта Азияда белсенді позицияда.

  • Қытай – инфрақұрылым мен инвестицияда басым.
  • Түркия – әскери және мәдени бағыттарда ықпал етуде.
  • АҚШ – C5+1 форматымен тұрақты қатысып отыр.
  • Ресей – санкциялар мен экономикалық қиындықтар әсерінен әлсіреді.

Мәскеу үшін Орта Азия – стратегиялық аймақ. Су – сол стратегиялық ықпалдың жаңа тетігі (рычагы) болуы мүмкін.

 

Үшіншіден,  экономикалық себеп: су сату – жаңа бизнес моделі.

Әлемде су тапшылығы күшейген сайын, су ресурстары стратегиялық тауарға айналып келеді. Болашақта «су құбыры» – газ құбыры сияқты экономикалық құрал болуы мүмкін.

Сондықтан  Сібір  суын  Орта  Азияға  бұру, Ресей үшін бұл:

  • транзиттік табыс;
  • су экспорты;
  • ұзақ мерзімді саяси ықпал;
  • жаңа технология мен инфрақұрылым саласындағы монополиялық позиция.

Сібір  суын  Орта  Азияға  бұру, техникалық тұрғыдан мүмкін бе?

Иә  мүмкін. Бірақ  баяғы  кеңес заманында айтылғандай канал  қазып емес, суды  құбыр арқылы  жіберу.

Ресейдің  биылғы  жобасы  мынадай;

  • жылына шамамен 5,5 млрд м³ су;
  • 2100–2500 км құбыр;
  • көп бөлігі – жер астымен;
  • су сорғылары, көп сатылы көтергіш станциялар.

Әлбетте, бұл бұрынғы нұсқадан қауіпсіз және тиімді, бірақ арзан емес. Жүздеген  миллиард  қаржыны  қажет етеді.

Сарапшылардың есебі бойынша:

  • Минималды баға: 60–80 млрд доллар
  • Реалды баға: 120–150 млрд доллар
  • Жылдық күтім: 3–5 млрд доллар

Бұл жоба Қазақстан мен Өзбекстанға ауыр қаржы жүктемесін береді.
Демек қаржыландыру – Ресейдің немесе халықаралық консорциумның қолында. Бұл – тәуелділіктің алғашқы сатысы.

 

Ресейдің геосаяси мүддесі: су – жаңа қару ма?

Егер су құбыры Мәскеудің бақылауында болса:

  • су ағынын азайту/көбейту арқылы елдерге қысым көрсету;
  • тарифтер арқылы экономикалық бағындыру;
  • ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті тікелей бақылау;
  • аймақтық саясатқа ықпал ету сияқты рычагтар пайда болады.

Газдан айырмашылығы – суды өшіру елді жартылай тоқырауға әкелуі мүмкін.  Ресей бұл жобамен:

  • Орта Азиядағы Қытай үстемдігін тежеуге;
  • Түркияның ықпалын бәсеңдетуге;
  • Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саяси еркіндігін шектеуге;
  • аймақтық интеграцияны өз мүддесіне сай бағыттауғамүдделі болуы мүмкін.

Демек, қазіргі  Ресейдің су  мәселесін көтеріп  отырғандағы мақсаты  осы  деп  жорамалдауға  болатын  сияқты. Яғни, «Кім суды бақылайды – сол аймақты басқарады». Бұл – геосаясаттың жаңа ережесі.
Орта Азияның болашақ онжылдығындағы негізгі шындық.

Сібір суынсыз -ақ шешуге болатын мәселелер

Осы  тұрғыдан келгенде, суға  зәру  болып  отырған Орта Азия елдері, Суару жүйесін модернизациялау керек сияқты. Мәселен, Өзбекстанда судың 60–70% каналдарда жоғалады. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы да суды өте тиімсіз пайдаланады. Суды үнемдеу технологияларын енгізу – Сібір суына қарағанда әлдеқайда арзан.

Демек,  бізе  мына  мәселелерді қолға алуға  тура келеді.

  • трансшекаралық өзендердегі ашықтық
  • нақты квоталау
  • су мониторингін цифрландыру
  • ескі каналдарды жаңғырту

Бұл – тұрақты және тәуелсіз шешім. Сондай-ақ, кіші және орта суқоймаларды арттыру қысқы-жазғы теңгерімді сақтауға көмектеседі.

Су – жаңа геосаяси қаруға айнала ма?

Сібір өзендерін Орта Азияға бұру мәселесі – тек инженерлік жоба емес. Бұл – аймақтың болашағына, тәуелсіздігіне, экологиясына және экономикалық қауіпсіздігіне әсер ететін стратегиялық шешім.

Иә, теория жүзінде Сібір суы Аралды қалпына келтіруге, егіншілікті тұрақтандыруға, қалалардың су тапшылығын жеңілдетуге көмектесуі мүмкін.                                         Бірақ тәжірибеде бұл жоба:

  • миллиардтаған қаржыны қажет етеді;
  • Солтүстік экожүйесіне қауіп төндіруі ықтимал;
  • Орта Азияны Ресейге су арқылы тәуелді етуі мүмкін;
  • аймақтың ішкі су реформаларына тосқауыл болуы ғажап емес.

Қысқасы, Сібір суы – құтқарушы да емес, апатты шешім де емес. Бірақ Ресей  алдындағы тәуелділікке  алып келетін жол  деуге  болады. Орта Азия алдымен өз ішіндегі су реформасын жасауға тиіс:
каналдарды жөндеу, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығын тиімділікке бейімдеу, трансшекаралық өзендерді басқару мәдениетін жаңарту.             Ал Сібірден су тарту мәселесі тек осы реформалар жасалғаннан кейін ғана объективті қарастырылуы тиіс.                                                                                                    Бүгінгі таңда ең үлкен қауіп – су тапшылығы емес, су арқылы геосаяси тәуелділікке түсу.
Сондықтан Орта Азия мемлекеттері бұл жобаны салқынқанды, прагматикалық және экологиялық тұрғыдан терең бағалауы тиіс.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазба«Құлыным кетті  бел асып…»
Келесі жазбаМұнай – тек экономика емес, үлкен саясат