Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мысырда өткен жанама келіссөздер барысында қол жеткізілген Газа секторындағы қақтығысты тоқтату және тұтқынға алынған адамдарды босату туралы келісімді қолдайды. Бұл туралы Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Мысыр, Қатар, Түркия елдерінің араағайындық қызметі табысты болғанын, сондай-ақ, Таяу Шығыста бейбітшілік орнату жөніндегі келіссөздерге президент Дональд Трамп бастаған АҚШ тарапының ерекше үлес қосқанын атап өтті», – деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін де Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған жан-жақты бітімгерлік жоспарын қолдады.