Home Қоғам Су тағдыры – ел тағдыры

Су тағдыры – ел тағдыры

76

Еліміз үшін ең басты мәселенің бірі су екені әлімсақтан  белгілі. Өйткені жерімізде  85  мың  ірілі ұсақты өзен  және 45 мың  көл-көлшік бар  деп есептелінгенімен, біз  өзге  елдерден келетін  өзен  суларына тәуелді елміз. Неге?

Себебі  еліміздегі өзен – көлдер мемлекеттің суды  тұтынуын  толық  қамтамассыз  ете алмайды.  Қазіргі  күні, су тек  Қазақстан  үшін  ғана емес, әлемнің  барлық мемлекеттерінің  бас ауруына айнала  бастаған  мәселе. Ақиқатын айтар  болсақ,  бүгінгі әлемде ең қымбат ресурс мұнай да, газ да емес. Ол – су. Тіршіліктің тамыры саналатын осы бір мөлдір байлықтың тағдыры күн санап күрделене түсіп келеді. Климаттың өзгеруі, шөлейттену, халық санының өсуі су мәселесін әлдеқашан экологиялық тақырыптан шығарып, геосаяси деңгейге көтерді. Бұл – Қазақстан үшін де жай ғана табиғатты қорғау мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты стратегиялық бағыт. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстары мен экологияға қатысты ұстанымы жүйелі әрі ұзақмерзімді көзқарасқа негізделгенін аңғару қиын емес. Президенттің Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Арал теңізінің тағдырына арнайы тоқталуы – соның айқын дәлелі. Арал – бір өңірдің ғана емес, күллі адамзаттың экологиялық қасіретінің символына айналған айдын. Оны сақтап қалу жолындағы әрбір қадам – тарихи жауапкершілік. Көп жылдар бойы атқарылған нақты жұмыстардың нәтижесінде Солтүстік Аралды аман алып қалу мүмкін болды. Бұл – құр уәде емес, нақты нәтиже. Бүгінде Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 22 миллиард текше метрден асып, 27 миллиард текше метрге дейін жетті. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұдан он-он бес жыл бұрын теңіз табаны шаңға айналып, тіршілік тоқтаған аймақта қазір су деңгейі көтеріліп, экожүйе біртіндеп қалпына келіп келеді.

Кіші Аралдың қайта толуы өңірге жан бітірді. Бір кездері құрғап қалған айдын түбінде қалған қайықтар бүгінде су бетінде жүзіп жүр. Су молайған сайын балық қоры артты, балық шаруашылығы қайта жанданды, жағалаудағы ауылдардың тынысы ашыла бастады. Арал маңы экология түзелсе, экономика да, әлеуметтік жағдай да оңалатынын нақты көрсетіп отыр.

Бұл жетістік өздігінен келген жоқ. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары ғана Аралға жіберілген су көлемі бірнеше миллиард текше метрге артқан. Мұның артында гидротехникалық нысандар ғана емес, саяси ерік, ұзақ келіссөздер және нақты басқару шешімдері тұр. Көкарал бөгетін биіктету жобасы – осы үмітті одан әрі бекемдей түсетін маңызды бастама. Жоба толық жүзеге асса, теңізге жиналатын су көлемі ұлғайып, Аралдың «тірі теңізге» айналу мүмкіндігі арта түспек.

Алайда су мәселесін тек бір мемлекеттің күшімен шешу мүмкін емес. Қазақстандағы ірі өзендердің басым бөлігі көршілес елдердің аумағынан бастау алады. Сырдария, Іле, Ертіс секілді трансшекаралық өзендердің тағдыры – ортақ жауапкершілік. Демек, мұнда дипломатия да, сабыр да, өзара сенім де қажет. Президенттің су ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселесін халықаралық деңгейде көтеруі – уақыт талабынан туған батыл қадам. Аралға құятын судың көлемі ғана емес, Балқаштың болашағы, Каспий теңізінің деңгейі, Ертістің ертеңі – бәрі де өңірлік және жаһандық келісімдерге тікелей байланысты. Қазақстан бұл бағытта қашанда конструктивті диалогты, ортақ мүддеге негізделген шешімдерді ұстанып келеді. Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы да – су қауіпсіздігін ғаламдық мәселе ретінде қарастырудың айғағы. Алда Астанада өтетін Халықаралық экология саммитінде Арал мәселесінің қайта көтерілуі – әлем назарын тағы да осы өңірге аудармақ. Бұл бастамалардың барлығын «Байтақ» жасылдар партиясы толық қолдайды. Партия үшін экология – ұран емес, нақты іс. Су ресурстарын сақтау, табиғи байлықты ұтымды пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету – партия жұмысының басты бағыты. Себебі Аралға жиналған 27 миллиард текше метр су – бұл тек экологиялық көрсеткіш емес, жүздеген жұмыс орны, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың тұрақты тұрмысы. Халық «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Арал қасіреті – сұраусыз қалған судың салдары еді. Ал бүгінгі Арал – уақытында есептелген, келісілген, қорғалған судың нәтижесі.

Қазақ тағы бір сөзінде «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Бұл – табиғатқа деген жауапкершіліктің ең қысқа да нұсқа формуласы. Су – жай ғана ресурс емес. Ол – өмір, болашақ, аманат. Оны қорғау – бір күннің науқаны емес, ұлттың ұзақмерзімді таңдауы. Біз судың қадірін бүгін түсінсек, ертең ұрпақ бізге алғыс айтады. Ал егер бейқамдық танытсақ, тарих тағы да кешірмейтін сабақ ұсынуы мүмкін. Су бар жерде – өмір  бар.  Бұл қағиданы ешуақытта ұмытуға болмайды.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаКҮЛТЕГІН