Home Қоғам Сақ болыңыз; Ең қуатты  магниттік дауыл жерге  жетті

Сақ болыңыз; Ең қуатты  магниттік дауыл жерге  жетті

10

Жер маңындағы ғарыш кеңістігінде радиациялық дауылдың күрт күшеюі жалғасуда. Ресей Ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасының мәліметінше, Күн протондары ағынының деңгейі 30 мың бірліктен асып, кейін 37 мыңға жеткен. Бұл XXI ғасырдағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді.

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі көрсеткіштер 2003 жылдың қазан айында болған әйгілі X17.2 деңгейіндегі күн жарқылынан да жоғары. Ол кезде заманауи тарихтағы ең қуатты магниттік дауылдардың бірі байқалған еді. Протондар ағынының мұндай жылдам өсуі аномалия ретінде бағаланып отыр және әзірге оның нақты себебі анықталған жоқ.

Осыған байланысты Жер маңындағы радиациялық жағдай NOAA шкаласы бойынша экстремалды S4 деңгейінде сақталуда.

Күн плазмасының рекордтық жылдамдығы

Соңғы деректерге сәйкес, Күннен шыққан плазмалық ағын Жерге ерекше жоғары жылдамдықпен жеткен. Лагранждың L1 нүктесі мен Жер арасы (шамамен 1,5 млн км) небәрі 15 минутта еңсерілген. Бұл плазма ағынының жылдамдығы шамамен 1700 км/с болғанын көрсетеді, яғни бұл — аса қауіпті, экстремалды көрсеткіш.

Алайда ACE спутнигіндегі жылдамдықты өлшейтін құралдардың істен шығуына байланысты Күн желінің нақты параметрлері әзірге нақтыланбаған. Соған қарамастан, қалған телеметриялық мәліметтер ғалымдарға нақты уақыт режимінде келіп түсуде.

Магниттік және радиациялық дауылдың адамға әсері

S4 деңгейіндегі радиациялық дауыл адам денсаулығына белгілі бір қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе:

бас ауруы, әлсіздік, ұйқысыздық;                                                                                қан қысымының ауытқуы;                                                                                          жүрек-қан тамыр аурулары бар адамдарда жағдайдың нашарлауы;                            метеосезімтал адамдарда мазасыздық пен тез шаршау байқалуы ықтимал.

Ғарышкерлер үшін ашық ғарышқа шығу кезінде радиациялық қауіп айтарлықтай артады. Сонымен қатар, полярлық бағыттармен ұшатын жоғары биіктіктегі әуе рейстерінің жолаушылары мен экипажы да радиацияның күшейген әсеріне ұшырауы мүмкін.

Техника мен байланыс жүйелеріне ықпалы

Радиациялық дауыл ғарыштық техника жұмысына да кері әсер етуі мүмкін:

борттық компьютерлердің істен шығуы;                                                               бағдарлау жүйелеріндегі ақаулар;                                                                        спутниктік навигацияда қателіктердің көбеюі;                                                         күн панельдерінің тиімділігінің төмендеуі.

Жер бетінде бірнеше күн бойы полярлық аймақтарда жоғары жиілікті радиобайланыстың бұзылуы және навигациялық дәлдіктің төмендеуі ықтимал.

Сирек кездесетін құбылыс

Ғалымдар жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Олардың айтуынша, мұндай қуатты радиациялық дауыл қазіргі Күн белсенділігі циклі үшін өте сирек кездесетін құбылыс. Бұған дейін мұндай деңгейдегі радиациялық дауылдың соңғы 20 жылда болмағаны хабарланған.

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаТеңіздегі өрт: бір трансформатордың артында тұрған ұлттық тәуекел
Келесі жазбаПарламенттік реформа не үшін қажет?