Қазақстанда парламенттік реформа 2026 жылға қарай елдің саяси күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналып отыр. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин басқаратын жұмыс тобы бірпалаталы парламент моделін пысықтауда. Ал сарапшылар бұл өзгерістердің масштабы іс жүзінде жаңа Конституция қабылдаумен тең болатынын ашық айта бастады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де мұны жоққа шығармайды. Жуырдағы сұхбатында ол алдағы түзетулердің көлемі «жаңа Ата заңға пара-пар» екенін атап өтті. Демек, әңгіме жекелеген институционалдық түзетулер туралы емес, мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру жөнінде болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, референдумның биыл өтуі ықтимал деген болжам қисынды көрінеді.
Бірпалаталы парламентке көшу идеясы суперпрезиденттік модельден түпкілікті бас тартуға бағытталған. Реформаның негізгі логикасы айқын: заң шығарушы биліктің салмағын арттыру, парламенттік бақылауды күшейту және саяси партиялардың рөлін кеңейту. Жұмыс тобының соңғы отырыстарында депутаттар саны, парламенттің атауы, сайлау жүйесі және бақылау тетіктері талқылануы да осыны көрсетеді.
Алайда реформа қаншалықты терең болатыны – ашық сұрақ. Сарапшылар билікке тәуелсіз жаңа партиялардың пайда болуы екіталай екенін, ал тәуелсіз кандидаттардың сайлауға қатысу мүмкіндігі шектеулі күйінде қалып отырғанын еске салады. Бұл жағдайда парламенттің формальды өкілеттігі артқанымен, саяси плюрализм деңгейі айтарлықтай өзгермеуі мүмкін.
Президент парламенттік реформаның негізгі контурларын өзі ұсынатынын аңғартты. Қоғамнан 500-ден астам ұсыныс жиналғаны айтылды. Саясаттанушылар бұл бастамалар Ұлттық құрылтайдың алдағы отырысында жария етілуі мүмкін деп болжайды. Егер солай болса, дәл сол сәт реформаның нақты саяси мазмұнын айқындайтын кезең болмақ.
Саяси шолушылар реформаның жеделдеуін де жоққа шығармайды. Референдум биыл өтсе, 2026 жылдың екінші жартысында мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі ықтимал. Бұл логика қарапайым: жаңа Конституция – жаңартылған парламентті талап етеді. Қоғамда депутаттық корпусты сапалы жаңарту жөнінде сұраныс бар екені де жасырын емес.
Парламентті күшейту мәселесі еріксіз «2029 факторымен» астасады. Тоқаев екінші президенттік мерзімге бармайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Соған қарамастан, қоғамда оның болашақта парламент спикері болуы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Президент бұл сценарийді ашық жоққа шығарып, реформалар жеке мүддеге емес, жүйелі дамуға бағытталғанын баса айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысының БҰҰ Бас хатшысы қызметіне өтуі мүмкін деген нұсқа да саяси талқылаудан түскен жоқ. Егер бұл сценарий жүзеге асса, Қазақстан жақын жылдары тағы бір билік транзитіне тап болуы ықтимал. Мұндай жағдайда парламенттік реформаның тағдыры елдің келесі саяси кезеңге қаншалықты дайын екенін көрсететін басты индикаторға айналады.
Бүгінгі сұрақ біреу: парламенттік реформа билік архитектурасын шын мәнінде өзгерте ме, әлде ол басқару жүйесін жұмсақ қайта теңшеумен ғана шектеле ме? Жауабы алдағы айларда белгілі болмақ.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Dodanews.kz

































