Бұл туралы 2025 жылы 17 қарашада Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония президенті Алар Каристі қарсы алғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біз эстон халқының тарихына, дәстүріне және мәдениетіне құрметпен қараймыз. Екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміз арасында түйткілді мәселе жоқ. Дегенмен өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор. Оны ілгерілете беруіміз керек. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымыз бен достық байланыстарымызға тың серпін береді деп сенемін. Сауда саласында түрлі кедергілер бар екенін білеміз. Бірақ бұл бағыттағы бірлескен жұмыс алға жылжып келеді. Қазақстан Эстонияның теңіз порттарын пайдалануға, сауда-саттық көлемін арттыруға ниетті. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және басқа да құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ықпалдастықты өрістетуге мүдделіміз. Осы сапардың нәтижесінде мәдени байланыстарымыз да өркендей түседі деп үміттенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Сөз кезегінде Эстония президенті қос елдің қарым-қатынасы өте жақсы деңгейде екенін баса атап өтті.

































