Президенттің айтуынша, бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше, қасиетті мереке. Осы мейрамда рухани тазару мен парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен тілектестік, жанашырлық пен жақсылық құндылықтары дәріптеледі.
Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады.
Ата дәстүріміз бен асыл дініміз елдің бірлігін нығайтып, қоғамның берекесін арттыратын игі амалдар жасауға үндейді.
Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдады. Конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашты. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Ораза айт қабыл болсын!Қасым-Жомарт Тоқаев
19 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті-не барып, еліміздің ғылыми қауымдастығы өкілдерімен маңызды кездесу өткізді. Кездесу барысында ол елдің дамуындағы стратегиялық басымдықтарды айқындады.

































