Бүгін яғни 28 қыркүйекте Молдова елінде парламент сайлауы өтіп жатыр. Бұл парламент төрт жылға сайланады.
Таңғы сағат 7-де республикада екі мыңнан аса сайлау учаскесі ашылды. Ал шетелде тағы 300-ден аса учаске жұмыс істейді. Сайлауға 15 саяси партия, 4 сайлау блогы және 4 тәуелсіз кандидат қатысып жатыр.
Парламентке өту үшін партиялар кемінде 5%, блоктар 7%, ал жеке кандидаттар 2% дауыс жинауы керек.
Президент Майя Санду сайлау алдында халықты Еуропаға бағытталған күштерді қолдауға шақырды. Ол Ресей өз мүддесіндегі партияларды билікке әкелуге көп қаражат жұмсап жатқанын айтты. Санду егер ресейшіл күштер жеңсе, ел Еуропадан алыстап, Украинадағы Одесса облысына қарсы Кремль операцияларына плацдарм болуы мүмкін деп ескертті. Мәскеу бұл айыптарды жоққа шығарады.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, Санду құрған «Әрекет және ынтымақ» партиясы 33,6% дауыс жинауы мүмкін. Ал негізгі қарсыласы – социалистер мен коммунистер бастаған «Патриоттық блок» 33,9% жинайды деп күтіледі.
Парламентке «Альтернатива» партиясы да өтуі ықтимал. Оның ұстанымы болашақ үкіметті кім құратынын шешуі мүмкін.
Сайлау алдында «Великая Молдова» атты ресейшіл партия заңсыз қаржыландыру күдігімен сайлаудан шеттетілді. Бұл – сайлаудан шығарылған екінші ресейшіл партия (біріншісі – «Молдова жүрегі»).
Еуропа елдері де Ресейдің сайлауға араласу қаупі барын ескерткен. Ал Ресей, керісінше, ЕО-ны айыптайды.
Кишинев жексенбіде жарылыс туралы жалған хабарламалар, кибершабуылдар, уақытша электр өшіру және көшедегі тәртіпсіздік түріндегі арандатулар болуы мүмкін деп ескертті. Полиция толық дайын екенін айтты.
Сайлау нәтижесінде шетелдегі молдавиялық диаспора да шешуші рөл ойнауы ықтимал.