Роман
(жалғасы)
Қапаған қаған ордаға санаулы адамды ғана шақырды. Бұл алдағы жорықтың құпиялығы. Отыз екі тістен шыққан сөз отыз екі руға тарап кететінін білмейді емес, біледі. Бұл сол сақтығы. «Қырғызды шауып қайтамыз» деген сыбыс қырғызға жетсе, Қылышбек те қылышын жалаңдатып қарсы шығары хақ. Онда үлкен қан төгілері белгілі. Қайтпек керек? Қапағанның да, өзгесінің де шарадай бастарын шақшадай қылған жайт осы. Шынтуайтында, терістікте отырған қырғыз бен оңтүстік батыста жатқан түркештердің көк түріктерге бағынудан бас тартуы, үлкен соққы-тұғын. Жорыққа шыққан кезде ең жаужүрек жасақтарымен қолдап, мініс аттарымен қамтамассыз етіп отырған қырғызбен түркештің тайқып шыға келуі, қағанаттың тұтастығына ары-беріден кейін әлсіреуіне әсер етері анық. Бітімгершілік жасайық деп жедел аттандырған шапқыншылар бос қайтты. Қырғыз қағаны Қамшыбек көк түріктермен арадағы қарым-қатынастың тоқтағанын, ендігәрі қырғыз тайпасы Қапағанға тәуелді емес екенін айтып, ұшпу сәлемін жолдапты. Түркеш жағынан да осындай хабар бар.
– Егер қырғыз бен түркешті еркіне жіберетін болсақ, ертең өзге ру-тайпаларда біздің дәрегейімізден бас тартары хақ. Сондықтан оларды тәубесіне келтіруіміз керек! – Қаған сұраулы жүзбен отырғандарға қарады. — Оныңыз рас, – деді Рұғила батыр, – бас көтергендердің басын қағып алмасақ, кейін өзге жұртқа ие болудың өзі қиындыққа алып келуі мүмкін-ау…
– Жорықты көктем шығып, жер аяғы кепкен кезде бастаймыз. Оған дейін үш жақпен бірдей соғысуға қапысыз даярлық жасайық, – деді қаған.
– Жоқ, – деп саңқ ете қалды Тоныкөк, – кеңесте отырған Бөгі мен Күлтегін, Рұғила мен өзге де әскербасылары Тоныкөкке басын бұрды. Қапаған да «сөйле» дегендей иек қақты.
– Жорық жедел түрде іске асқан жөн. Көктемде үш ел үш жақтан қыспаққа алатын болса, шамамыз жетпейді. Қағанат күйрейді. Біз жорықты қыстың көзі қыраулы кезде бастап кеткеніміз жөн. Егер табғашқа аттанар болсақ, артымыздан қырғыз бен түркеш түре тиеді. Сондықтан желкемізден сүңгісін түйремес үшін, алдымен, терістіктегі қырғыздың ашуын басайық, сосын барып түркешті тәубасына келтірейік.Табғаш ешқайда қашпас. Жеке-жеке бұтарламасақ, қақпанға түскен арландай боламыз, – деген Тоныкөк қыран құстай қанаттарын қомдап, жорыққа бүгін аттанып кетердей қозғалақтап қойды.
– Тоныкөк ақылгөйдің айтып отырғаны жөн. Қашан да жауды ойламаған жерден бассақ, ұтысқа шығарымыз анық, – Бөгі Тоныкөкті қолдай сөйледі. Күлтегін қысқы жорықты қолдайтынын білдіріп бас шұлғыды.
– Олай болса… – Қапаған ойланып қалды. Есіне Өгілейдің айтқандары түсті. Жорықта біреу қастық жасап жүрер деп сескенді ме, әлде қысқы жорықтың сәтті болатынына күмән келтірді ме, әйтеуір, біраз бөгеліп барып, – жорыққа өзің бас-көз боларсың, – деді Тоныкөкке қарап. – Бөгі мен Күлтегін сенімен бірге барады. Мен Ордада қаламын. Алдымен, қырғызды шабайық! Хан ордасындағы кеңес осымен тамам болды. Жорық қақаған қыстың ортасында басталды. Қыстың көзі қырауда шұбырған әскердің жүрісі тым сылбыр, мардымсыз болатындығын ескерген, Тоныкөк «ер азығы мен бөрі азығы жолда» деді. Қол соңынан азық-түлік артқан қосақ алмады. Сыбай-салтаң аттанатын болды.Тек, ең таңдаулы деген он мың жасақ сайлады. Әр аламан қосар ат жетекке алды. Сәті түсіп, қырғызды қидалаған соң, бұл әскер бірден түркеш еліне қарсы аттанбақ. Түркешке барар жолда тағы да жиырма мың қол мен «кіші хан» атанған қағанның ұлы Енел қосылатын болды. – Ортада жатқан Көгмен (Саян) тауын асып, Қырғызға апаратын екі жол бар, – деген Тоныкөк, – бірі шапқыншылармен арлы-берлі мал айдағандар жолы. Бұл бейбіт күндері екі елді жалғап жатқан негізгі сүрлеу. Ол жолдың бойында қырғыз малшылары көп. Біздің келе жатқанымызды Қамшыбекке дер кезінде жеткізері анық. Онда қырғыздар бізді жолдан тосып алып, майдандасары хақ. Бізге олардың қамсыз жатқаны керек. Олай болса, қырғыз отырған аймаққа тікелей баратын Таулы қырат арқылы жүруіміз керек. Ол қия жартасты, шұңғыл сайлы, арынды өзендері бар, қалың жынысты, қары қалың қиялаңы мол жол. Неде болса, осы жолды дұрыс көріп отырмын.
– Таулы қырат арқылы жүру қыста қиын. Көк сүңгімен жол ашып, бірінші жолмен жүрген жөн болар, – деген Рұғила батыр.
– Батырлығыңа шәк келтірмеймін, – деді Тоныкөк Рұғилаға қарап, – бірақ бізге артық қан төгудің қажеті шамалы. Біз халықпен емес, екіжүзді қағанмен соғыспаққа бара жатырмыз. Ойда жоқта төбесінен топ ете түсіп, Қылышбектің ордасын басып қалсақ болғаны. Бассыз халық қайда барар дейсің?.. –деді Тоныкөк қырғыз руымен емес, түлкібұлаңға салып отырған қырғыз көсемін тізгіндемек екенін білдіріп.
– Қырғыздың желкесінен шығу үшін, Таулы қыраттың соқпақтарын білетін адам керек. Қырғызға іргелес отырған аздар тайпасы бар, бәлкім, ат шаптырып солардан жол білетін адам сұрасақ қалай болар екен? – деді Күлтегін. Ондағысы, бір жағынан, Ақшарқаттың көмегіне жүгіну, екіншіден, қыздан хабар алу еді. Бел шешіп отырмай, жорықтан жорықта жүрсе де Күлтегін Ақшарқатты ұмытпаған. Тіпті кейде өр мінеді қыздың сұлу көркін есіне алып, сағынып қоятыны да бар.
– Жөн айтасың, Күлтегін, – деді Бөгі Тоныкөкке қарап. – Бізге қиын да болса, төте жолды көрсететін адам керек. Аздар руына адам жіберіп көмек сұралық.
Тоныкөк құптады. Рұғила батыр бастаған он шақты сарбаз сол күні аттанып кетті. Қалың қол неше күн, неше түн араға салып, Көгменнің алқымына жеткенде алдарынан жол көрсетуші аздардың бір адамын ерткен Рұғила батыр кездесті. – Кездестім, –деді Рұғила Күлтегінге Ақшарқатпен арадағы сөзді жеткізіп. – Арсыланбек жақында дүниеден өткен екен. Қазір мұқым тайпа Арсыланбектің ұлы Жапарбек пен қызы Ақшарқатқа қарап қалыпты. «Қырғыздардың түртпегінен запы болдық. Келер көктемде Өтүкенге қарай қозғалсақ, түріктердің қанатының астына өтсек» деген сәлем айтты, – деді Рұғила ханшайымның сәлемін жеткізіп.
Асу бермес Көгмен тауларын қыстыгүні тіке кесіп өту, Тоныкөктің ұлы шешімдерінің бірі еді. Найза бойламас қарды ойып, мұзды тесіп, қалың жынысты отап, қия беткейге кертпіш жол салып шығып, ойға киіз жайып түсіп, он күн дегенде қырғыз қағаны Қылышбек отырған орданың үстінен шықты. Алыстан шолған түріктер ел жатты-ау деген кезде ат ойнатып тиді.Тоғыз буынды көк найзасын ұстап, қиқу салған Күлтегін орданың сыртын күзеткен қырғыз сарбаздарын бірінен кейін бірін түйреп жол ашты.Тосыннан тиген қол Қылышбектің ордасын таң ата талқанын шығарды. Арыстандай алысқан қырғыз қағаны Күлтегіннің сілтеген қылышынан жан тапсырды. Орданың өзге батырлары түнгі ұрыста қаза тапты. Қапы қалған қырғыз тайпасы амалсыз түріктерге бас иетінін жеткізді. – Біз қыстың көзі қырауда қар кешіп келгендегі мақсатымыз, елдің бірлігі еді. Тұтастығы еді. Соны қағандар бұзып отыр. Түрік елі қырғыздың жауы емес. Басымыз бірігіп, көшпелі жұртқа кенедей жабысып, қанын теспей сорғысы келіп отырған Табғаш билігіне бірігіп қарсы тұру. Табғаштың айтағына ерген қағандар түрік елін жойғысы бар. Бүгін түрік елі табғаштың табанына түсіп, айдауына мойынсұнса, ертең қырғыз бар, өзгесі бар сол табғаштардың тәтті сөзіне малданып, арбауына түсіп, бодандығын қабылдамасқа кім кепілдік береді? Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар деген бар. Қағандар өтеді, кетеді. Халық қалады. Сайын даланың еркін өскен халқы бостандықта өмір сүргенін қалаймыз. Сол себепті табғаштың алдауына түсіп, ертең халқын солардың астына жығып беретін қағандарды жазалау біздің хұқымыз. Сүңгімізді ұштап, қалышымызды қайрап келгендегі мақсат осы. Қырғыз рубасыларын жинап, Тоныкөк ұзақ сөйледі. Жеріне жеткізе айтты. Қырғыз елі түріктермен бірге болатындығы жөнінде ант-су ішті.
***
Дәл іргесінен қысқа ғана уақытта көшпелілердің көк найзалы, көк семсерлі жаңа мемлекеті құрылуына табғаш билігі үрке қарады. Көк түріктердің қағанаты құрылып қана қоймай, Орхоннан Інжіл өзеніне (Сырдария) дейінгі аралықтағы көшпелі тайпаларды өзіне қаратып, бауырына басып, күшін еселеп алғаны, табғаш үшін үлкен қатер-тұғын. Бірде болмаса, бірде дала көкжалдары теріскейдегі шекаралық аймақты тонап қоймай, орталықта ұйығып отырған елге де тап беруі мүмкін. Құйындай ұйтқып, желдей жүйткіген көшпелілердің бірлескен қолына табғаш әскерінің төтеп беруі неғайбыл. Табғаш жұртының жойылып кетуі де кәдік. Тіпті жойылмағанның өзінде көшпелілерге алым-салық төлеп, тең дәрежелі ел ретінде танудың өзі табғаш үшін қорлық болмақ. У ханымның соңғы кезде бас ауруына айналған осы жағдай еді. Біраз уақыт бұрын қидандар мен татаптардың бүлігін басып бергені үшін Қапағанға табғаш жұрты жылына жүз мың қадақ күріш, жүз мың тай жібек беріп тұруға келіскен. Әзірге күріш пен жібекке қанағат қылған Қапаған түбі табғашты табан астына салу үшін ат ойнатып келерін У ханым білді. Оған жеткізбес үшін алдын алудың қамына кіріскен. Қара күзде сарайға ақылгөй-кеңесшілерімен қатар, әскер қолбасыларын жиды.
– Кеше ғана мінерге аты, ішерге асы болмай, алақан жайып, мәлжіп кеткен түріктер есін жиып, ел болыпты. Қаған сайлап қағанат болыпты. Көк найзасын көк желкемізге тірейтін күшке айналыпты. Қағанын қансырататын, елін елсірететін күн келді! – деді У ханым отырғандарға жағалай көз салып.
– Ханым, –деген бас қолбасшы Су Дин-Пян отырған күйі басын жерге жеткенше иіп: – Рұқсат берсеңіз мен бүгін аттануға даярмын. Қапаған жердің жарығына түсіп кетпесе, құс болып көкке ұшып кетпесе, бір айдың ішінде итше қыңсылатып алдыңызға байлап алып келемін! Ойланбай екілене сөйлеген Су Дин-Пянға қарап, жүзін суытқан У билеуші: – Миғұла! – деді көзінен от шашып. – Қапағанды итше жетелеп алып келетіндей ол, бір жерде байлаулы тұр ма екен? Олар Ордосты шапқанда жүз елу мың әскер бердім.Сонда қайда қалдың?!
– Әміршім, – деді Су Дин-Пян жерден басын көтермей, – тибеттіктер бүлік шығарып, сол үшін кері қайттым емес пе! Әйтпеген де… – Әйтпегенде қайтер едің?! – деді У билеуші Су Дин-Пянға жеп жіберердей қарап. – Көшкен түріктің артына қалқан ретінде тастап кеткен азғантай жасағынан жеңіліп, масқара болғаныңды кім білмейді! Енді келіп үш жүз мыңдай қолы бар Қапағанмен қақтығысқың келеді. Ақымақ! Мын-Вэй қолбасы бүгіннен бастап табғаш елінің бүкіл әскері сенің құзырыңда. Ал мына дарынсыз суайтты зынданға тастаңдар. Енді бұдан қайыр жоқ.
У билеуші иек қаққаны сол екен, жарағын жалтылдатқан қос күзетші Су Дин-Пянды сүйрелеп ала жөнелді.
– Ханым, құлың болайын. Жанымды қалдыр. Уақытында жасаған жақсылығымның өтеуі болсын, – деп зар илеген Су Дин-Пянға У ханым назар аударған жоқ.
Сарай ішінде шыбынның ызылы естілетіндей тыныштық орнады. Сөйлеуге жұрт қорқып қалған. Ешкімнің билеушінің қаһарына ұшырағысы жоқ.
– Әміршім, – деген Мын-Вэй қолбасы, – сенім артқаныңызға ырзамын. Жауапкершіліктің өте ауыр екенінде сеземін, бірақ жаным кеудемнен ұшып шыққанша табғаш халқына, ол елдің күн сәулелі билеушісіне адал қызмет етуге дарямын!
Мын-Вэй У ханымның алдына тізерлеп келіп, қолынан сүйіп, маңдайына басты. Ол соғыста әбден ысылған, тәжірибелі әскер басы еді, әсіресе тибет көтерілісшілерін басуда ерекше көзге түскен. Рақымсыз, тоңмойындығы өз алдына, өте қаныпезер еді. «Тұтқын ұстау артық шығын, артық күшті талап етеді. Тұтқынның бар болғанынан жоқ болғаны тиімді» деген ұстанымы бар ол, қолға түскендердің басын шаптырып тастайтын.
– Түріктермен тікке келіп текетіресудің қажеті шамалы, –деді У билеушіге қарап, – одан да, бар күшімізді сарықпай, өзге де болуы мүмкін қақтығыстарға сақтайық. Ал түрік мәселесіне келсек, көшпелі тайпалардың арасына от жағып, бір-біріне қарсы қоялық. Бірін-бірі кеміріп жатсын. Жансыздардың жеткізуіне қарасақ, Қапағанның қайырымсыздығы рулар арасына жік салған көрінеді. Жорықтардан түскен олжаны тек орда маңындағыларға ғана бөліп беріп, өзгелерге дым татырмайды деседі. Осының өзі елдің одан теріс айналуына түрткі болып отыр екен, әсіресе Өгілей деген бақсыны өлтіруі, түркеш секілді ірі рудың дүрбелеңін тудырыпты. Бізге осы мүмкіндіктерді сәтті пайдалана білу керек.
Мын-Вэйдің айтқандары У билеушінің көңіліне қонса керек, ризашылықпен бас изеді. Бас қолбасшы етіп тағайындауда қателеспегенін білді.
– Жөн, – деді Мын-Вэйге қарап, – олай болса, түркештер мен қырғыздарға адам салыңдар. Сұрағанын беріңдер. Түріктерден іргесін аулақ салсын.
Сөз осымен тамам болды. Арада ай өткенде түркеш пен қырғыздан келген елшілер арасында У ханым тағы келіссөз жүргізді. Үш жақтан шыққан әскер қар кетіп, жер аяғы кеңіген кезде, көк түріктер ордасына үш жақтап тап бермек болып келісті. Сүйтіп, жазға жеткізбей, көк түріктердің көк желкесін үзбек еді…
Түркештермен тығыз байланыста отырған аздар руының елбасысы Арсыланбектің қызы Ақшарқаттың Күлтегінге жеткізген хабары осы болатын.
***
Қырғыздарды бір жақты еткен соң, түріктер аз ғана уақыт тынығып, ол жерден де біраз жасақ қосып, кері аттанды. Тоныкөктің ойы қар көбесі сөгілмей тұрып, түркештерді басып қалу еді. Алтын тауды асып, Ертісті құлдилай жортқан көк түріктер түркештер мекендеген Суырлы тауға қарай қара құстай шүйіліп келе жатты.
***
Көк түріктердің соңынан қуа Қара Ертісті бойлай тағы бір жасақтың қарасы көрінді.Ұзын саны мың қаралы топтың жүрісі тым суыт. Барлығының жетегінде қосар ат. Белдеріне шолақ атпалы найза байлаған, жетектегі аттарының екі жағына бірдей өңгерілген жебе толы қорамсақ, салақұлаш құрандалы садақ. Арагідік сүт пісірім уақыт дамылдағаны болмаса, қалың қарды аттың омырауымен бұзып, тоқтаусыз жүріп келеді. Тас түйін болып суыт жортқан топ өте асығулы еді…
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

(жалғасы бар)

































