Роман
(жалғасы)
Өтүкеннің биік бір шоқысына көтеріліп, жан-жағына көз салып тұр екен. Төменнен көтеріліп келе жатқан бір адамның сұлбасы көрінді. Әкесі Елтеріс Құтылық қаған. Үстінде кіреуке сауыт. Басында иығын жапқан күлпарысы бар дулыға. Белінде ұзын сапы. Тәңіріне аттанғанда бүкіл жарағымен жерленіп еді. Сол қалпы. Тек түрі жабыңқы көрінді. – Қайда көз тіктің, балам? – әкесінің алғашқы сөзі осы болды. – Өтүкен ер түріктің алтын бесігі екеніне көз жеткізейін деп айналамды шолып тұрмын, әке! Өтүкеннің отты, құйқалы қыры мен қолаты, сулы-нулы сай-жырасы, жазиралы жазығы көк түріктің өсіп-өнетін, жер ұйығы болатын ырзығы мол жер екен. Жақпар тасты шың-құзымен қалың жыңғыл орманы жау алдырмас қамал, түрікке қалқан болатындай-ақ мекен. Әкем Құтылық, абыз Тоныкөк бұл мекенді жайдан-жай таңдамағанына көзімді тағы бір жеткіздім.
– Нені көріп, нені оймен шолып тұрсың? – Дүниеге шыр етіп келіп, көзімді ашқаннан көргенім, ұлы жосқын еді. Жан-жақтан анталаған жаудан қалай аман қаламын, қалай іргелі ел боламын деп жанталасқан, сол үшін дүниенің төрт жағымен соғысқан түрік жұртын көріп едім. Әлі сол сүргін біткен жоқ, әке! Анам Елбілге қатұнның емшегін бір қолмен, екінші қолмен беліндегі кездігінің сабын ұстап, қан араласқан ақ сүтін еміп өстім. Мойнына асқан тері дорбаның ішінде жатып, шешемнің ерлермен қатар тұрып қылыш сермеп, садақ тартқанын сездім. Құлағым кескілескен шайқастың дүңкілдеген дауылпаз үні мен өлер алдында жанұшырған боздақтардың үніне тұнып тұратын. Ілгері-кейін шапқан заман еді, әлі де сол жанталас тоқтаған жоқ. Әзірге тоқтамайды да. Өйткені алға қойған мақсат орындалмады. Жанталас… ел болып бекіп қалу үшін жанталас. – Балам, кім айтты саған, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман бірден орнай қалады деп. Шаңырақты тіктеп, керегені кеңейтіп, уықты бекітіп, бөрілі байрақты тік көтеріп, өзге жұртпен тең сөйлескен кезде ғана жорық дауылпазының үні өшеді. Оған жету үшін алда талай ұлы жорықтарды бастан өткеруге тура келеді. – Қапаған ағам аман болса, ол күнге де жетерміз. Ең бастысы, Тәңірім бізді тастап кетпесе болды. – Сөз жоқ, Қапаған інім – көзсіз батыр, қара күштің иесі. Соғыс жүргізудің қыр-сырын жетік меңгерген. Ол көк түріктің тізгінін қолға алғалы бері, талай жеңіске жеттіңдер. Ұлан-ғайыр жерге әмірін жүргізіп отыр. Қаншама ру-тайпалар Қапағанның дәргейіне бас ұрды, бірақ батырлық – басқа, елді басқара білу – бір басқа. Ұлан-ғайыр сахарадағы елді шашуын шығармай ұстап тұра білу үшін батырлық аз. Сарабдал ақыл, жыланның аяғын көретіндей көз, майдан қыл суырғандай ептілік, амал-айла да қажет. Әсілі, қара бастың емес, қара халықтың қамын жеген кезде, елдің сенімін ақтайсың. Жұрт соңынан ереді, ал тоңмойын, рақымсыз қаған – халықтың соры. Ондай билеушіден ел теріс айналады. Осыны жадыңа сақта, балам! Құзырыңа құлдық ұрған әр адамды бауырыңа тартып, қамқор бола алсаң, ел алдында абыройың артады. Сен сыйлаған адам, сені де құрметтейді. Інім Қапаған қағанда осы жағы кемдеу. Ол бәрін «көк найзаның ұшы, алмас қылыштың жүзі» шешеді деп ойлайды. Жоқ, көк семсердің жүзімен құрылып, көк семсердің күшімен өмір сүрген қағанаттың ғұмыры ұзақ болмайды. Елі бегіне, бегі еліне сенгенде, екі ортада сенім қалыптасқанда ғана қағанатта өсу, өну, өрлеу болады. Қапаған қанша отырады, ол бір тәңірдің қолында. Алда-жалда жүгенге ие болып жатсаңдар, осы айтқанды ұмытпағайсың, балам! Мен қазығын қадаған қағанатты өшіру де, өсіру де сендердің қолдарыңда. – Әке, мен жетіге толғанда, тәңірдің қалауы болып, дүниеден оздыңыз. Орныңызды жоқтатпадым. Қабырғам қатпай, бұғанағым бекімей жатып қару-жарағымды асынып, исі түрік елі үшін үлкендермен қатар тұрып, жауға шаптым. Түрік елін ел етсем, өзгелермен тең етсем деп ұрандай шапқан ағам Мойыншор-Қапаған қағанның тәрбиесінде болдым. Анам Елбілге қатұнның бағына орай ер болып тудым. Он жасымда беліме қылыш байлап, қарыма шоқпар іліп, қолыма шашақты найза ұстап, елдің елдігін сақтап қалу жорықтарына қатыстым. Көк сүңгімді жаудың көкірегіне қададым. Көк семсерімді жаудың қызыл қанына батырдым. Төрт құбыламыз қаптаған жау екен. Тоқтаусыз соғыстық, әлі де сол сүргін. Түрік елі азат ел болғанша толарсақтан қан кешіп, егеулі найзаны қолдан тастамауға бекіндім.
– Көк бөрінің ұрпағы осылай болса игі. Ырзамын, балам! Жоғарыда Көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, түрік жұртының бағы үшін Бумын мен Естеміс қағандар тәңірдің ырқымен жарық дүниеге келді. Қаған болды. Түн ұйықтамай, күндіз отырмай жортып ұлы Түрік қағанатын құрды. Бумын, Естеміс қағандар кезіндегі түрік қандай еді? Тәңірдің қалауымен ат тұяғы жеткен жерге әмірін жүргізді. Біз арлан едік, жауымыз көкжектей еді. Көк сүңгінің ұшы, алмас қылыштың күші бізде еді. Аз елді көп етті. Жарлыны бай етті. Құлы құл ұстаған, күңі күңді болған заман туды. Әскер жүргізіп айналаны тыныштанырды. Айбарлы еді, айбынды еді. Сол ұлы қағандар дүниеден өткен соң, тақ таласы елдің іргесін сөкті. Тоз-тоз етті. Өзгенің сөзіне бас ұрған, дәргейін қабылдаған қуыршақ қағандар келді. Баласы әкесін, інісі ағасын тыңдамады. Бегі еліне, елі бегіне сенуден қалды. Табғаштың тәтті сөзіне құлдық ұрды. Күшін берді. Қызмет етті. Бек ұлдары құл, сұлу қыздары күңге айналды. Ұзақ уақыт табғаштың боданы болдық. Көзіміз жасқа толып, иегіміз кемсеңдеп: «Қағанды халық едім, қағаным қайда, елді халық едім, елім қайда?» деп айтар зарымыз болды. Шыдамадым. Көк тәңірі қолдар дедім. Атқа қондым. Ұрандап тидім. Табғаштың бүкіл қулық-сұмдығын меңгерген, білімін алған Тоныкөкті оң қолым еттім. Бөрі мінезді, қабылан жүректі батыр Мойыншор-Қапаған інімді сол қол еттім. Жаныма түрік елі үшін жан беруге даяр боздақтарды жыйдым. Күнше күркіредік. Жасындай жалт еттік. Ат қойдық. Тәңір жарылқады. Табғаштың табанында жатқан, аяғына ағаш тұсау салынған, мойнына ажырық артылған елді азат еттік. Өтүкен – жер ұйығымыз болсын, өсіп-өнер алтын бесігіміз болсын деп шештік. Көштік. Орнықтық, бірақ артта Ордосты жайлаған біраз жұрт қалып қойды. Соны бостан етсем, Өтүкенге әкелсем деген арман бар еді, бірақ орындалмады. Көк тәңірінің қалауымен дүниеден оздым. Артымда қалған ұрпағым, көк бөрінің ұлдары, мен көтерген бөрілі байрақты жерге түсірмес деген сеніммен жарық дүниеден көштім… – Әке, көкейіңде кеткен ұшпу аманатың орындалды. Қапаған қаған басшы, біз қосшы болып Ордоста қалған жұртты азат еттік. Ілбістей жымымызды білдірмей жақындадық. Аш бөрідей тидік. Арыстанша алыстық. Қылышпен қидаладық, найзамен түйредік. Осы жорықта табғаш қолбасшысы Шаша Сүңгінің басын кестім.
– Ырзамын! – Елтеріс Құтылық Күлтегінді қаусыра құшақтап, арқасынан қақты. Әлгіндегідей емес, жүзіне нұр жүгірген.
– Бұл – жаужүрек ұл екеніңді танытқан ұлы жорық. Жолың ашық болсын, ұлым! Көк тәңірі қолдаушың болсын! Күндіз отырмайтын, түнде ұйықтамайтын күндер келді. Сүңгің ұштаулы, қылышың қайраулы, ерің сайлауы болсын! Қалған ғұмырың көк түріктің көк семсеріндей жарқылдап өтуге жазсын! Балам мынаны ұмытпа, ат ауыздығымен су ішкен, тар замандар мықты адамдарды шыңдап шығарады. Жаймашуақ заман иіні бос әлсіздерді өсіреді. Сен қай кезеңде де шар болаттай жарқылдап тұруың керек.
– Әке, есіңде ме, бірде «әкенің көлеңкесінде жүрген бала ешуақытта күннің көзін көрмейді» деп едіңіз. Біз көлеңкеде, ықтасында өмір сүруді қаламадық. Ел үшін, жер үшін желдің өтіне шықтық. Мені де, Бөгіні де уақыттың өзі шар болаттай қайрады. Аман болсам, айтқаныңды айнытпай орындаймын! Бүкіл өмірім көк түріктің қамымен өтетіні тәңірге аян! Жанымды елімнің азаттық жолына тіктім!
– Ұлым, түріктер Бумын мен Естемістің тұсында шығысы Сары теңізден басталып, батысы жердің түбі Қара теңізге дейінгі аралықта иелік етті. Ендігі сендердің жорықтарың Ышбара ханның кезінде қолдан шығып кеткен батыс аймақты қайтару болмақ. Иә, қолына қылыш ұстаған мен де, қазіргі Қапаған қағанда тек шығысқа ғана иелік ете алдық. Шамаларың келсе, кешегі күні күнше күркіреген Естеміс бабамыз басқарған батыс түрік қағанатын өздеріңе қосып, біртұтас көк түріктердің ұлы қағанатын құру сендердің міндеттерің болмақ. Менің ұлы аманатым осы.
– Әке, бірде қытай-табғаштар түріктерді «түп-тамыр» деп, өзге көшпелі тайпаларды «бұтақтар мен жапырақтар» деп атайды деп едіңіз. Сол сахарадағы жұрттың өзегі болып отырған «түп-тамыр» аяқ асты суалып, солып қалмаса, көк тәңіріден нәр алып, бүрлей беретін болса, «бұтақтар мен жапырақтар» көктей беретіні, көгере беретіні анық. Батыс аймаққа шаңдатып, ат ойнатып баратын күн алыс емес. Тек, тәңіріміздің көзі оң болсын! Әкесі бұны қапсыра құшақтады. – Көк түріктің бағына көк семсер болып туыпсың, балам. Жасындай жарқылдап өткейсің! … Ерін жастанып жатып, көзі ілініп кеткендей екен. Бөгінің дауысынан оянды.
– Түс көрдің-ау, – деді Бөгі бұның бас көтергенін көріп.
– Иә. Түсіме әкем кірді. Ордоста қалған қандастарды аманаттап жатыр екен. Жұртта қалған елді азат еткенімізді айттым. Әкем ырза болды. Бата берді. Уақытында Естеміс жағбының иелігінде болған батыс аймақты қайтарып, бөрілі байрақты желкілдетіңдер деді… Күлтегін әлгінде түсіне енген әкесін есіне алды. Басын көтерген бойда бірден тұрып кетпеді. Үнсіз отырып қалды. Бөгі де үндемеді. Әлдебір ойға шомғаны байқалады. Сәден кейін барып:
– Рұғиланың адамдары Көгмен тауының батыс теріскейін мекендеген аздар руының бір топ адамын ұстап алып келіпті. «Босатыңдар. Асығыспыз. Қолбасшыларыңды шақырыңдар» дейтін көрінеді. Бұлар не қылған жандар екен, барып көрелік,, –деді.
Екеуі жорық шатырынан далаға шыққанда, күні бойы құйған жаңбыр тоқтап, көктің жүзі нұрға бөленіп тұр екен. Жер дүние бір жасап қалғандай. Көз жетер сары жазықтың бойы қалың әскер, қара-құрым жұрт. Құтты бір ұлы жіңгір той болып жатқандай. Жорық аяқталған. Ертең Қапаған қағанның қосындары да осында жетпек. Азат етілген жүз мыңға тарта елді ертіп, Өтүкенге бет Сауытын ұрыста ғана кигені болмаса, басқа уақытта тері күртешесін жамыла салып жүретін Күлтегін жаңбырдан кейінгі саф ауаға кеудесін кере демалып, керіліп алды. Шатырды қоршай сап түзеген күзетшілердің жанында Рұғила тұр екен.
– Бек, –деген Рұғила Күлтегінге қарап, басын иіп, қолын жүрегіне қойып. – Әлгінде бізді орай өтіп бара жатқан бір топ салт атты адамды әрең қуып жетіп ұстап, осында алып келдік. Аздар екен. «Қолбасшыларыңа апар» деп бізбен сөйлеспейді. Тоныкөк сардар қасына біраз жұрт ертіп, Қапаған қағанды қарсы алуға аттанып кеткен соң, осында алып келуге тура келді. Рұғиланың Бөгіге емес, Күлтегінге қарап сөйлеуі тегін емес. Бөгі Күлтегіннен екі жас үлкен әрі осы қолдың Тоныкөктен кейінгі басшысы болғанымен, Күлтегіннің мысы басым тұратын. Бөгі біртоға, тыныш. Күлтегіннің алдына түсіп, өмеңдей бермейтін. Сабырлы, әр істің байыбына барып қана сөйлейтін сырбаз. Күлтегін өзге. Он алтыға енді толғанымен адам ығатын сұсты мінезді, өзгені мысы басып тұратын кескін-келбетті, орсан зор күштің иесі. Күлтегін Бөгіге қарағанда бойшаң һәм сүйекті еді. Ашаң жүзді, жар қабақ, ат жақты, от шашқан өткір көзді, мінезі тік, қызба. Қайратты шашын артқа қайыра түйіп қойған. Білектеріндегі бұлшық еттері білеуленіп, сыртқа теуіп тұр. Шешесі Елбілге қатұнға тартқан өңді. Жайма-шуақ кезде жүзінен нұр төгіліп, адамды баурап тұрар қасиеті бар. Жауға шабар батырлығы бір бөлек. Тоғыз буын емен сапты, ұшы көк құрыштан құйылған найзасын өңгере шауып ұрысқа кіргенде, жан шыдатпайтын. Алдына келгенін бұршақша атып, ұйысқан жаудың шебін ұйпап жіберетін. Найзагерлігі бөлек-тін. Көз ұшында бұлдырағанды қағып түсер мергендігі тым ерек. Өзге тұрмақ Қапаған қағанның өзі Күлтегіннің қара тасты үгіп жіберер күштілігіне, көзсіз ер екендігіне сүйінетін. Айтқанына құлақ асатын. Содан болар, Күлтегіннің пәсі бәрінен бір мысқал жоғары тұрушы еді. Жасы үлкен Бөгі тұрғанымен, Рұғиланың Күлтегінге қарап, еміне сөйлеуі содан. Ешқандай жарақ асынбай, тері күртешесін жалаңаш денеге кие салған Күлтегін бір уақ, сары жазықтағы қара-құрым адамдарға қарап біраз тұрды. Сосын барып бұлар тұрған төбенің төменгі жағында ақ боз мінген біреуінен басқасы, кілең қыл қара ат мінген он шақты адамға көз тікті. Барлығы қосар ат алған. Жаңбырдан қорғанар желбегей жамылып, беті-басын бүркеген бұл топ, Күлтегінге бір түрлі көрінген. Жүрістері тым жұмбақ. Төбеден төмен беттеген бұлар, алдымен, кешегі Синчжоу қаласында тұтқынға түсіп, құрал-жабдықтары тартып алынып, оннан-он бестен бір арқанға байланып, бастары салбырап, ертеңгі күніміз не болады деп ұнжырғасы түскен табғаштардың қасынан өтті. Бұлардың үкімін ертең Қапаған шешеді. Бірін қалдырмай басын шаптыра ма, әлде У-хың билеушімен саудаласу үшін аман қалдыра ма, белгісіз. Қара сулық жамылып, беті-бастарын бүркеген топқа жақындай бергенде, оқыс оқиға болды. Тұтқын табғаштардың бірі көз ілеспес жылдамдықпен, сауытсыз келе жатқан Күлтегінге атылған. Қолында алмас қанжар. Қимылдың шалт болғаны сондай, Рұғила да, күзетшілер де қылыш суырып үлгермей қалды. Алайда қанжар алып, Күлтегінге тап берген тұтқын ысылдап келіп жүректен қадалған кездіктен кері ұшып түсті. Бір тыпырлап, сылқ еткен. Кездік жүректі қақ бөліп жеберсе керек-ті. Оқиғаның көзді ашып жұмғанша тез болғаны сондай, алғашында ешкім ештеңені түсінбей қалып қанға боялып өлген тұтқынды көрген соң ғана абыр-дабыр басталды. Өмір мен өлімнің арасы бір-ақ қадам екенін енді ғана жан дүниесімен сезінген Күлтегін «Бек, айыптымын. Бұл менің кінәм. Кессең басым, міне» деп аяғына бас ұрған күзетшілердің басшысына да, қылышын жалаңдатып жақын тұрған тұтқын табғаштарға тап беріп, кескілеп жатқан Рұғилаға да қараған жоқ. Тек кездік лақтырылған жаққа назарын аударған. Кездіктің иесі болар, ері алтын-күміспен апталған, тоқымына шашақ тағылып, ою-өрнекпен нақышталған, өмілдірік пен құйысқаны күміспен әшекейлегенген ақбозын жетелеген біреуі алға суырылып шығып, өліп жатқан тұтқынның жүрегіне қадалған кездікті бір ырғап суырып алып, өліктің киіміне ары бері сүртті де қынына салды. Сосын барып,
– Бек, бейқамдықтың түбі қасіретке алып келеді. Жау жоқ деме, жар астында. Әмәндә, сақ болғайсың! – осыны айтқан адам сулықты кері серпіп жүзін көрсеткенде, Күлтегіннің таңданғанынан дауысы шықпай қалды. Бөгінің «Берен» деген таңырқаған үні естілді. Сулық кері серпілгенде басына шағын ғана шошақ төбелі бөрік, үстіне өрнекті бешпет киген, белін алтын зерлі белбеумен буып, оған алтынмен әшекейленген наркескен байлаған ықшам денелі, орта бойлы, аққұба өңді, мойылдай көзінен ұшқын шашқан, үріп аузға салғандай ару тұрды. «Апыр-ай» деген Күлтегін іштей толқып, «мұндай да ұқсастық болады екен-ау!» Айналасындағылардың абың-күбің әңгімесіне селт етпей, алдында тұрған қыздан көзін ала алмаған Күлтегіннің есіне осыдан екі жыл бұрынғы оқиға түсті.
Тәңірім-ау, қалай еді, қай кез еді? … Сол жылы Алып Тоба батыр дүниеден өтті. Алып Тоба Құтылық қағанмен иық тірестіріп жауға бірге шапқан, түрік жұртының бостандығы үшін жан аямай соғысқан арыстан жүрек батыр еді. Ас берілді. Ойдағы, қырдағы тайпалардың атқа мінерлері түгел жиналды. Аяулы батырдың асына Қапаған қағанда ат басын тіреген, әлбетте, жалғыз емес. Құтылықтың қос бөрісі Бөгі мен Күлтегін де бар. Бірер күншілік жер болған соң, сонда бір қонып, ертесін Қапаған қаған кері қайтты. Жол алыс. Бірде шоқ-шоқ орманды жарып өтіп, бірде жазық далаға шығып, бірде жанардан тамған жалғыз тамшыдай болған болып мөлтілдеген көлшіктерді айнала ұзақ жүрді. Қапаған сақтық жасап, асқа бара жатса да өзін қорғайтын Рұғила батырдың мыңдығын ерте шыққан. Ауыр қол асықпай қозғалып келе жатыр. Бұл асқа Рұғила батырдың он беске енді толған, ер жүрек қызы Берен ере барған-тұғын. Берен тек ер мінезді емес, көркіне сымбаты жарасқан көркем қыз еді. Құралайды көзге атқан мергендігімен де танылған ару. Рұғила Күлтегінге қылыштасу, найза қадау, садақ тарту секілді ұрыс амалдарын үйретіп жүргенде, Берен де қалмай бірге жүретін. Қыздың қылыштасқандағы шалт қимылы, талай рет Күлтегінді де қапы қалдырғаныда бар. Өздері құралпас балалардың кежегесі кері тартып, ұрыс өнерін үйренуге жүрдім-бардым қараса, бұл екеуі керісінше бар пейілін салып жанталасып жататын. Бұлар бір-біріне бауыр басқаны сонша, ұзақты күн аралары ажырамайтын еді. Береннің Күлтегінге, Күлтегіннің Беренге деген пейілдері бөлек-ті. Осыны байқады ма, бірде Бөгі:
– Берендей ару жарың болса, арманың болмас, бауырым, –деген. Бөгінің нені меңзегенін ұққан Күлтегін:
– Тәңірдің қалауы соған түссе, мен қарсы емес едім, аға, – деп Беренге кет ары емес екенін сездірген. Бүгін сол Берен екеуі желе-жортып топтан шығындап кеткен. Сүйтіп келе жатқанда алдарынан бір топ елік қашты. Ауыздықтарымен алысқан жүйрік мінген екеу тұра қуды. Аң қуудың қызығына түскен бұлар арттағы топтан ұзап кеткен. Қашқан еліктер орғытып келіп шоқ орманға кірді де кетті. Қалың жынысқа еніп жоқ болған еліктерді таппасын білген бұлар, аттарын тежеп, кері бұрыла бергені сол еді, ысқырып келіп жон арқасына қадалған жебеден Күлтегін аттан ауып түсе жаздады. Сонша болмай орман ішінен өздеріне қарай қаруларын кезеп андыздай шапқан топ та көрінді. Бұлар ұрысқа емес, асқа бара жатқан соң, сауыт-сайман асынбай желең киініп, тек белге сапы байлап, қорамсақ толы жебе ғана алған еді. Сауытсыз денеге кірген жебе терең қадалды ма, басы айналған Күлтегін атқа отыра алмай, ауып кете жаздаған. Атынан жалма-жан секіріп түскен Берен, Күлтегін мінген аттың жүгенін шешіп алып, бұның белінен бір орап ерге байлады да,
– Шу, жануар! – деп сауырынан бір ұрды. Іле өз атына қарғып мініп, жақындап қалғандарға садақ тартты. Иесінің бір қауіпке тап болғанын сезді ме, Күлтегін мінген жирен қиқулаған топтан құтылу үшін кең жазыққа қарай жұлдыздай аққан. Берен де біраз уақыт жарыса шауып, арттағыларға садақтан оқ жаудырып келді де, қуғыншылардан құтылмайтынын біліп, қарсы шапты. Талай қан- майданға ерлермен ұрандап қатар кіріп, ұрыс өнеріне әбден машықтанып қалған қыз, қарсы келе жатқандардың қарасының көптігінен қынбады. Бар ойы Күлтегінде, оның бұл тосқауылдан аман құтылып кетуі басты мақсат. Ат үстіндегі ұрысқа әбден төселген батыр қыз өзін қоршағандардың бірнешеуін шауып түсіргенімен, көпке төтеп бере алмады. Сауыт кимеген балғын денесіне кірш етіп кірген көк сүңгіні бір қолымен өзіне жұлқи тартып, семсерін жауына сілтеп үлгерді. Көзі қарауытып аттан құлап бара жатып, «Күлтегін» деп даланы жаңғырықтыра соңғы рет айқайлады… Қалың қолдан ұзап, көзден таса болған Күлтегінмен Береннің біраз уақыт жоқ болып кетуі, Бөгінің көңіліне сезік енгізіп, жанына біраз жасақ ертіп, әлгінде олар кеткен жаққа соқтырта жөнелген. Көп ұзамай,жалғыз шауып бара жатқан Күлтегіннің атын, оның үстінде жебе тиіп, ес-түссіз ерге таңылған бауырын көрді. Орман шетінде қидаласып жатқан топты байқады. Көк найзаларын алға кезеп қиқулай шапқан Бөгінің қолын көрген жау тым-тырақай қашты. Дегенмен соңдарынан атылған жебе көбін аттан ұшырып түсіріп еді. Берен сол жерде қаза болды. Қыздың Күлтегінді аман алып қалу үшін өзін өлімге қиғанын Бөгі жан-тәнімен сезді. Жебе тиіп аттан ауып қалған біреуге қылбұрау салып қинаған кезде кім екендерін, кімнің жолын тосып жүргендерін жайып салды. Түркеш қағаны Ежелдің жансыздары екен. Қапағанның Алып Тоба батырдың асына келетіндігін біліп, реті келсе жолда өлтіру үшін жіберіліпті, бірақ Қапағаның көзін құртудың ыңғайы келмеген соң аң қуып үстілерінен түскен екеу, орман ішінде жол тосқан жау барын сыртқа жайып қоймасын деп, көзін құртуға ұмытылған екен. Береннің қазасы ешкімге оңай тиген жоқ, әсіресе Рұғила батыр қызының қан-қан болған денесін құшақтап, «Қанішер Ежел, түбі сенің де түп-тұқияныңды дым қалдырмай қырармын, күте бер», – деген егіліп. Аяулы батырының жан-жарасына қосыла қамыққан Қапаған жедел қол жинап, түркештерге соғыс ашпақ еді, Тоныкөк тоқтатқан.
– Әлбетте, жалаң қылышпен жауға шапқан батыр қызымыздың қазасы жанға батады, бірақ түрік жұртының алдында түбі бір өз жұртымыз, түркешке соғыс ашқаннан бұрын, Ордоста бізден араша сұрап отырған мыңдаған қандастарымызды табғаштардың қақпанынан құтқару мақсаты тұр. Елге елді қосайық. Етек-жеңімізді қымтайық, қарамызды көбейтейік. Сосын барып түркешпен есептесер күн туар. Әзірге күшімізді сарқып алмай, Ордос жорығына алаңсыз даярланайық. Түркешпен түбі майдан даласында кездесеріміз хақ, –деген дана Тоныкөк.
– Абыз ағам дұрыс айтады. Тыз етпе қызуқандылық үлкен істерге бөгет болары анық. Ұлы тірліктер үлкен қамдануды қажет етеді, хан ием! Сәл сабыр етелік. Ордостағы мыңдаған қандастарымызды табғаш тұзағынан азат етіп алайық, сосын, Түркеш билеушісі Ежелдің де кеудесіне сүңгі тіреп, езуін тілер күн келер, – деді Бөгі Тонынкөктің айтқандарын қуаттап.
Қапаған пәтуәлі сөзге тоқтады. Тек Күлтегін ғана «аман болсам, көк семсерімді түркештің қанына армансыз суарармын» деп кектенген-ді. Жарасы жазылғанмен Күлтегіннің жүрегінде түркеш еліне деген кек қатып қалып еді.
Күлтегіннің есіне түскен оқиға осы болатын. Алдында тұрған қыздың Беренге егіз тамшыдай тым ұқсастығы таңғалдырған. – Бауырымның өмірін сақтап қалдың. Ерлігіңе тәнтімін. Кім боласыңдар? Қайдан келіп, қайда бара жатырсыңдар? – деді оқыс оқиғадан бірінші болып есін жиған Бөгі алдында тұрған қызға ризашылықпен қарап.
– Бек, біз Алтын таудың күн шығыс алқымында отырған азғантай аздар руынанбыз. Аздардың төресі Арсыланбектің қызы боламын. Ныспым – Ақшарқат. Әкем аттан құлап, сал болып жатқанына біраз болды. Осы Ордоста атақты емші-балгер барын естіп, соны алып кетуге келген едік. Қыздың жауабы қысқа болды. Киген киімі, сабы алтын әшекеймен көмкерілген наркескені, күмістен сапталған кездігі оның текті жерден шыққанын көрсетіп тұр. Мойылдай көзі, ашаң жүзі, арқаға өріп қойған қолаң шашы сұлулықты паш еткендей көрінгенмен, қысқа, нақты сөзі, шалт қиымылы қыздың жаугер мінезді екенін танытқандай.
– Мені бір келеңсіз жағдайдан құтқардың! Сыйға – сый. Сұрағаның болсын. Бүгін менде қонақ боласың! – осыны айтқан Күлтегін жанындағыларға ас-су даярлауды бұйырып, аздарды жорық шатырына бастады.
– Бірде қырғыздар, бірде түркештер түртпектеп, ірі тайпалардан қағажу көріп жүрген елміз. Өздігімізден ешкімге барып соқтықпадық. Бар байлығымыз жылқы, мінгеніміз кіл жүйрік. Жауға шапсақ, жасындай тидік. Қиып түстік. Кашқан құтылмайды, жеңілсек қуғанға жеткізбей кетеміз. Ең жүйрік, ұшқыр аттар тек бізде ғана, бірде Алтын, бірде Көгмен тауларын шетпұшпақтап мекендеп, күн кешіп жатқан жұртпыз.
Ақшарқаттың өз елі жайында түйіндеп айтқаны осы болды. Суыған жылқы етін жеп, қымыраннан ішіп отырып біраз әңгіменің басы шалынған.
– Аймақта отырған жұртты бір шаңырақтың астына жинасақ, іргелі ел болсақ деп жанталасып жатқан елміз. Кешегі ұлы қағандардай өзге жұртты қас пен қабақтың ыңғайымен жүргізетін құдіретті қағанат құрмақпыз. Егер дәргейімізге көшеміз деп жатсаңдар, іргемізді босатып қоныс беруге даярмыз.
Осыны айтқан Бөгі аздардың беттеріне сұраулы жүзбен қараған.
– Жел жағымызға ықтырма боламыз, ел болайық, бір болайық деген сөз ақиқат болса, онда оған қарсы уәж келтіру артық, бірақ жөпілдемеде бірден шешім айту, менің құзырымда емес. Тайпа көсемі әкем мен оның айналасы шешер. Айтқаныңызды жеткізерміз, – Ақшарқат сөзді қысқа қайырды.
– Айтқанымыз ақиқат, – деді Күлтегін, – табғаштың боданында жатқан түрік елін азат ету үшін әкем Құтылық атқа қонғанда, түрік жұрты көк аспанның астында еркін өмір сүрсе, айбарлы мемлекет болса деген алдына мұрат қойды, сол үшін күндіз отырмады, түнде ұйықтамады. Найзасының шашағы қаннан кеппеді, қылышы қынға салынбады. Өмірі түйенің қомында, аттың жалында өтті. Өтүкеннің көк тасын жастық, көк аспанын көрпе қылды. Тәңірдің бұйрығымен бабалар көшіне ілескенімен, көк түріктің тағдырын бізге аманаттап кетті. Әкеден қалған жұртты көп етсек, жарлыны бай етсек, түтініміз түзу шығар ел болсақ деген арман бізде де бар. Аз жұртыңды әкеліп, іргемізді бекітіп жатсаңдар, қорғансаң қалқаның, сілтесең шоқпарың болуға біз даярмыз!
Күлтегіннің айтқанын мұқият тыңдап, әрбір сөзіне сүйсінген Ақшарқат оның сөз бастар шешендігіне де, түбі ел бастар көсемдігіне де шүбәсіз сенді.
– Жұртымызға қалқан болар ер болса, көлеңкесіне ықтауға біз даярмыз, – деген Ақшарқат Күлтегінге көз тіккен. Екі жанар бір сәт түйісіп қалды. Күлтегіннің мысы басты ма, ақ жүзіне қызыл қан жүгірген қыз төмен қарап, сәл отырып қалды. Денесі бір ысып, бір суыды, жүрегі еркіне бағынбай, атқалақтап соққандай болды. Бойын кернеген белгісіз күшті әрең тұсаулаған қыз:
– Бек, алдымызда ұзақ жол бар. Жарымжан болып, бізді сарыла күтіп жатқан әке бар. Рұқсат болса, ерте күнді кеш етпей біз жүрелік, – деді. Өзгелер де соны қош көрді.
– Бізді аман-сау жолға салдыңдар. Жақсылық тәңірден қайтар. Егер де бұл жерде Қапаған қағанның өзі болғанда, жағдай сәл өзгеше болар ма еді? Бір жылдары өзге жұрттың түртпегінен тоқырап, түркештерге арқа сүйедік. Жорыққа мінер көп ат бердік, жарақ асынған жасақ бердік, түркештер Қапаған қағанмен кермалдасып жатқан заман еді. Содан Қапағанның аздарға деген өшпендігі туған. Егер де Қапаған қаған қазір ортамызда болса, күн астында көгендеулі жатқан ана табғаштардай күй кешер ме едік? Тәңірім ыңғайлап бізге қағанды емес, елдің қамын тереңнен ойлайтын сендерді кезіктірді. Күлтегін бек, мынау саған мінгізген пырағым болсын. Айшылық жорықта белі талмайтын, қашқанды құтқармайтын, тұяғы болат тұлпардың тұқымынан, –деп, есік пен төрдей, тұрқы биік, құйрық-жалы келіскен қыл қара атты Күлтегіннің алдына тартты. Аздардың өжет қызы сыйға тартқан тұлпарды Күлтегін қабыл алды. Жанына біраз жасақ ертіп, Бөгі екеуі Ақшарқаттың тобын қозы көш жерге дейін шығарып салды.
– Айтқанымызды құп көріп, ірге көтеріп, Өтүкенге келіп жатсаңдар, құшағымыз ашық, – деген Бөгі қоштастып жатып.
– Тәңірім бөрілі байрақ астында бірге ғұмыр кешуді жазсын! –деген Күлтегін.
– Ондай да бір ұлы күн туар. Тәңірім соған жеткізсін! –деді Ақшарқат. Желе-жортып ұзап бара жатқан топқа қарап, әлдебір қимастықпен Күлтегін ойланып біраз тұрып қалған. Аздардың өжет қызының көркем бейнесі көңілінің түкпірінде орын теуіп қалғандай, жүрегін белгісіз бір сезім қытықтағандай болды. Сәлден кейін барып атын тебіне түсіп Бөгіні қуып жетті.
(жалғасы бар)
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ


































