Home Саясат Іргедегі соғыс: дүрбелең емес, дайындық керек

Іргедегі соғыс: дүрбелең емес, дайындық керек

10

Таяу Шығыстағы ахуал күрт ушығып, соғыс өрті біздің аймаққа бұрынғыдан да жақындай түсті. Каспий арқылы шекараласатын Иран қақтығысқа тартылды. Оңтүстікте Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы тұрақсыздық та толық сейілген жоқ. Мұндай жағдайда сабыр сақтай отырып, нақты әрекет ету – мемлекеттің басты міндеті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшті. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік ететін арнайы мониторинг тобы құрылды. Өңір әкімдеріне де Таяу Шығыстағы жағдайды ескере отырып шешім қабылдау жүктелді. Бұл жолы жауапкершілік ауқымы кеңейгені байқалады. Қауіпсіздік тек орталық органдардың шаруасы емес, жергілікті атқарушы биліктің де тікелей міндеті екені нақты көрсетілді.

Әдетте сырттағы соғысты алыс құбылыс ретінде қабылдаймыз. Бірақ қазіргі қақтығыстар шекараға қарап тоқтамайды. Дрон мен зымыран дәуірінде техникалық ақау немесе бағыттан жаңылу ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Әсіресе Каспий маңы аймақтары үшін әуе кеңістігін бақылау, стратегиялық нысандарды қорғау, төтенше жағдайға дайындық мәселесі өзекті. Бір ғана қаңғыған снарядтың өзі қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін.

Экономикалық салдары да назардан тыс қалмайды. Парсы шығанағындағы тұрақсыздық мұнай бағасына бірден әсер етеді. Бағаның өсуі Қазақстан бюджетіне қысқа мерзімде қосымша табыс әкелуі ықтимал. Бірақ логистика, сақтандыру, импорт құны артса, инфляциялық қысым күшейеді. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық ішкі нарыққа да ықпал етпей қоймайды. Сондықтан «қымбат мұнай – автоматты пайда» деген қарапайым формула бұл жағдайда жүрмейді.

Президент тапсырмасынан өңір әкімдерінің жауапкершілігі ерекше сезіледі. Бұған дейін қауіпсіздік мәселесі көбіне күштік құрылымдардың құзырында деп қабылданатын. Енді аумақтық қорғаныс, азаматтық қорғау, халықты құлақтандыру жүйесі, медициналық резерв, инфрақұрылымның тұрақтылығы сияқты бағыттарда жергілікті биліктің нақты дайындығы сыналады. Төтенше жағдай кезінде алғашқы шешімді қабылдайтын – министр емес, әкім. Сондықтан олардың байсалды, салмақты, дер кезінде әрекет етуі шешуші мәнге ие.

Ақпараттық қауіп те кем емес. Әлеуметтік желі арқылы тарайтын жалған хабар мен арандатушы ақпарат кез келген өңірді әп-сәтте дүрліктіреді. Мұндай кезде ресми органдардың ашық әрі жедел түсіндіру жұмысы аса маңызды. Қоғам билікке сенсе ғана тұрақтылық сақталады. Үндемей қалу немесе кешігіп әрекет ету сенімге селкеу түсіреді.

Қазақстан ешбір әскери текетірестің тарапы емес. Біздің ұстаным – теңгерімді, көпвекторлы саясат. Бірақ бейтараптық бейқамдықты білдірмейді. Керісінше, дайындықты, есепті, салқынқанды ұстанымды талап етеді. Қазіргі жағдай – әскери емес, басқарушылық сынақ. Мемлекеттік аппараттың үйлесімділігі, шешім қабылдау жылдамдығы, қоғаммен коммуникация сапасы – бәрі осы кезеңде көрінеді.

Іргеде қақтығыс жүріп жатыр. Ол бізге тікелей жетпеуі мүмкін. Бірақ жанама әсерлері сезіледі. Сондықтан «сақтансаң – сақтаймын» қағидасы бүгін ерекше өзекті. Етек-жеңді жинап, жүйені ретке келтіріп, әр буын өз жауапкершілігін нақты сезінсе, кез келген геосаяси дауылды еңсеруге болады. Қауіпсіздік – бір адамның немесе бір ведомствоның емес, тұтас мемлекеттің ортақ міндеті. Салқынқанды әрекет – дәл қазір ең үлкен артықшылық.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

dodanews.kz

Алдыңғы жазбаАҚШ–Израиль–Иран қақтығысы: әскери баланс, стратегиялық есеп және ықтимал сценарийлер