Home Басты жазба Геосаясат және газ: Таяу Шығыс дағдарысының жаһандық салдары

Геосаясат және газ: Таяу Шығыс дағдарысының жаһандық салдары

16

Таяу Шығыста тағы бір соғыс басталды деп айту – шындықты жеңілдету болар еді. Шын мәнінде, қазір болып жатқан нәрсе — бұл соғыс емес, бұл әлемдік энергия жүйесіне қарсы бағытталған соққы. Зымырандар тек әскери нысандарға емес, газ зауыттарына, экспорттық терминалдарға, кен орындарына бағытталып жатыр. Яғни, майдан шебі картада емес — құбырларда, порттарда, сұйытылған газ зауыттарында жатыр.

Израильдің South Pars газ кен орны-на жасаған соққысы бұл қақтығыстың табиғатын түбегейлі өзгертті. Өйткені бұл жай ғана энергетикалық объект емес — бұл Иран экономикасының тірегі, оның электр энергиясының негізі, тіпті қыс мезгілінде халықты жылытып отырған ресурс. Бұған жауап ретінде Иранның Ras Laffan индустриялық кешені-не соққы беруі — симметриялық жауап емес, бұл глобалдық жүйеге әдейі жасалған шабуыл. Себебі Ras Laffan — әлемдегі сұйытылған газдың шамамен бестен бірін нарыққа шығарып отырған нүкте.

Осы сәттен бастап соғыс аймақтық болудан қалды.

Көпшілік әлі де қауіп ретінде Ормуз бұғазы-ның жабылуын айтып жүр. Бірақ бұл — ескі ойлау жүйесі. Бұғазды бір күні ашуға болады. Әскери күшпен, дипломатиямен, келісіммен — бәрібір. Ал күйреген газ зауытын немесе өртенген кен орнын бір аптада қалпына келтіре алмайсың. Қатардың өзі инфрақұрылымды қалпына келтіруге 3–5 жыл қажет екенін ашық айтып отыр.

Энергия нарығында қазір баға емес, физикалық тапшылық шешуші факторға айналды. Газ жоқ — сондықтан қымбат. Бірақ мәселе қымбаттықта емес. Мәселе — сол газдың мүлде жоқ болуында. Ормуз ашылған күннің өзінде, бұрынғы көлемдер нарыққа қайтып келмейді. Міне, дағдарыстың шын масштабы осында.

Еуропа бұл жағдайдың ең әлсіз буынына айналды. Соңғы жылдары саяси шешімдер арқылы өзін “тәуелсіз” етеміз деген аймақ, енді жаһандық СПГ нарығының тұтқынына айналды. Қазір Азия мен Еуропа бір-бірімен бір танкер үшін бәсекелесіп отыр. Кім көп төлейді — газ соған барады. Нарықтың моральдық принциптері жоқ, тек баға бар. Ал баға көтерілген сайын, еуропалық өнеркәсіптің тынысы тарылып келеді. Бұл енді жай энергетикалық дағдарыс емес — бұл деиндустриализацияның нақты басталуы.

Парадокс мынада: біреулер ұтылып жатқанда, біреулер ұтып жатыр.

Мысалы, АҚШ. Теориялық тұрғыдан алғанда, Қатар нарықтан уақытша шығып қалса, оның орнын дәл сондай көлеммен америкалық СПГ толтыра алады. Бұл сәйкестік кездейсоқ па, әлде геосаяси мүмкіндіктің дәл уақытында іске асуы ма — бұл бөлек сұрақ. Бірақ факт өзгермейді: баға өскен сайын, америкалық экспорттаушылар ұтады.

Сол сияқты Газпром да көлеңкеден қайта шығып келеді. Түркияға газ жеткізу, Азия нарығын кеңейту, жоғары бағадан пайда табу — мұның бәрі Ресейдің позициясын күшейтіп отыр. Санкциялармен әлсіретеміз деген жүйе, керісінше, жаңа дағдарыс кезінде оған жаңа мүмкіндік беріп отыр.

Ал Иран ше? Бір қарағанда, ол да ұтылып жатыр: экспорт тоқтады, инфрақұрылым зардап шекті. Бірақ Тегеранның логикасы басқа. Оның стратегиясы — “мен күйресем, бәрің менімен бірге күйрейсіңдер”. Бұл — классикалық асимметриялық жауап. Иран өзінің әлсіздігін күшке айналдырып отыр: бүкіл аймақты тұрақсыздандыру арқылы.

Қазір әлем бір қауіпті иллюзияда өмір сүріп жатыр: “соғыс аяқталса, бәрі қалпына келеді” деген. Жоқ. Бұл жолы олай болмайды. Өйткені бұл соғыс территория үшін емес — инфрақұрылым үшін соғыс. Ал инфрақұрылым — ең баяу қалпына келетін ресурс.

Егер шабуылдар жалғаса берсе, біз мүлде жаңа шындыққа кіреміз. Мұнай 150 доллардан асып, газ бағасы 1000 доллардан жоғары тұрақтап қалуы мүмкін. Бұл жағдайда мәселе бағада болмайды. Мәселе — тұтынудың қысқаруында, өндірістің тоқтауында, экономикалардың баяу өшуінде болады.

Сонда ең маңызды сұрақ туындайды: бұл дағдарыс уақытша ма, әлде жаңа дәуірдің басы ма?

Белгілеріне қарасақ — бұл жаңа дәуір.

Энергия енді жай ресурс емес. Ол — қару. Ал құбырлар мен терминалдар — жаңа майдан шебі.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаҚасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады
Келесі жазбаКаспий қауіпті аймаққа айналып бара ма?