Home Қоғам Ерте анықталған ісік – сақталған өмір

Ерте анықталған ісік – сақталған өмір

75

Журналист үшін ақпарат іздеу – күнделікті жұмыс. Ал өз денсаулығымызға келгенде, уақыт тапшылығын  сылтау етіп,  «ертең,  ертең»  деп  жүре  беретініміз  бар.  Ащыда  болса шындық  осы.  Жуырда Түркітілдес Журналистер Қорының басшысы Нәзия Жоямергенқызының бастамасымен бір топ әріптесіміз Алматы облыстық көпсалалы клиникасында тегін онкологиялық тексеруден өткенде осы шындыққа тағы көз жетті. Ақпарат тарататын қауымның өзі ақ халаттылар алдына баруға уақыт таппай жүрсе, қарапайым халықтың жайын елестете беріңіз.                                                             Дәрігерлермен әңгіме барысында анық байқағаным – «қатерлі ісік» деген сөздің өзі көпшілікті үркітеді екен. Рас,  адамдар жаман диагнозды естуден қорқып, тексерілмейді. Соның салдарынан ауру асқынып, емдеу мүмкіндігі азаяды. Ал медицина мамандарының айтуынша, ісік ерте кезеңде анықталса, толық сауығып кету ықтималдығы өте жоғары. Бүгінде еліміз бойынша 240 мыңға жуық адам онкологиялық есепте тұр. Тек 2025 жылдың өзінде 41 мыңға жуық азаматқа алғаш рет диагноз қойылған. Соған қарамастан өлім-жітім көрсеткішінің 14 пайызға төмендеуі – ерте диагностиканың және заманауи емнің нәтижесі.                                   Алматы аймағында 1,5 миллионнан астам тұрғын болса, 12 мыңнан астамы онкологиялық бақылауда. Бір жыл ішінде 2 222 жаңа жағдай тіркеліп, 716 адам көз жұмған. Дегенмен үмітсіздікке негіз жоқ. Скринингтік бағдарламалар нақты нәтиже беріп отыр: ондаған мың әйел сүт безі мен жатыр мойны обырына тексеріліп, жүздеген дерек ерте сатысында анықталған. 90 мыңға жуық адам колоректалдық обырға қаралып, ондаған ісік бастапқы кезеңде табылған. Жалпы скрининг арқылы 230 қатерлі ісік және мыңдаған обыр алды өзгерістер анықталыпты. Бұл – аурудың алдын алуға болатынын дәлелдейтін көрсеткіш.                                                             Мәселе тек статистикада емес. Мәселе – көзқараста. Ай сайын өтетін «Ашық есік күндері» туралы екінің бірі біле бермейді. Сол күні кез келген азамат сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін тексеріле алады. Ауыл-аймаққа шыққан жылжымалы медициналық кешендер мыңдаған зерттеу жүргізіп, ондаған адамнан қатерлі ісікті ерте анықтаған. Бұл – медицинаның қолжетімді бола бастағанының белгісі. Сонымен қатар «жасыл дәліз» жүйесі іске қосылып, онкологиялық күдік туған науқастарды жедел тексеруге мүмкіндік беріп отыр. Уақыт жоғалтпау – емнің жартысы екені шындық.                                                                                                                 Денсаулық тақырыбына қалам тартқанда тағы бір жайт ойға оралады. Біз көбіне ауырған соң ғана дәрігер іздейміз. Ал профилактика мәдениеті әлі де толық қалыптасқан жоқ. Әсіресе ер адамдардың «шыдаймын», «өзі өтіп кетер» деген түсінігі қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, қатерлі ісіктің шамамен үштен бірі өмір салтына байланысты факторлардың әсерінен туындайды. Дұрыс тамақтану, қозғалыс белсенділігі, темекіден бас тарту, салмақты бақылау – қарапайым көрінгенімен, өмірді ұзартатын шешімдер.

              Тағы бір маңызды мәселе – онкологиялық аурулар «жасарып» барады деген пікірдің жиі айтылуы. Мамандар мұны диагностиканың жақсаруы және скринингтің кеңеюімен байланыстырады. Яғни бұрын анықталмай келген дерт енді ерте кезеңде тіркелуде. Бұл – қорқатын емес, керісінше қуанатын үрдіс. Себебі ерте анықталған ісік – емделетін ісік. 

        Сол күні тексеруден өткен әріптестерімнің жүзінен бір жеңілдік байқадым. Белгісіздік сейілгендей. Кейде ең үлкен қорқыныш – нақтылықтың жоқтығы. Ал нақты диагноз, тіпті ол күрделі болса да, әрекет етуге мүмкіндік береді. Қатерлі ісік – үкім емес. Үкім – немқұрайлылық пен уақытты өткізіп алу.                                                          Денсаулық – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның капиталы. Біз экономиканы, саясатты, әлеуметтік мәселелерді талқылаймыз. Бірақ ұлт саулығы – барлық дамудың іргетасы. Бір күнді тексерілуге арнау – ұзақ жылдарға жасалған инвестиция. Егер осы жолдарды оқып отырған адам дәрігерге жазылуға шешім қабылдаса, онда бұл мақала өз міндетін орындады деп есептеймін.

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаАрал мен Каспий — экологиямыздың айнасы. Бірақ…