Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген продюсерлік еткен Voice Beyond Horizon музыкалық шоуы Қытайда зор табысқа жетіп, алғашқы тәулікте-ақ 102 миллион көрермен жинады. Жобаның тұсаукесері елдің рейтингтік көрсеткіштері бойынша көш бастап, Қытай телевизия кеңістігінде айрықша оқиғаға айналды.
Hunan TV телеарнасының ресми деректеріне сүйенсек, шоу Қытайдың CVB, CSM және CSM71 өңірлік спутниктік телеарналары арасында бірінші орынға шыққан. Сонымен қатар KuYun мен Huanwang рейтингтерінде де жоғары көрсеткіш тіркеген. Бұл – халықаралық деңгейдегі музыкалық жобалар үшін өте сирек кездесетін нәтиже.
Шоудың тұсаукесері халықаралық баспасөз назарынан тыс қалмай, Қазақстан мен Қытай медиасында кеңінен қолдау тапты. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен China Daily басылымы жобаны арнайы атап өтсе, People’s Daily English пен Audiovisual China секілді ресми ақпарат құралдары бағдарламаның көркемдік деңгейі мен идеялық ауқымын жоғары бағалады.
Voice Beyond Horizon интернет кеңістігінде де тез арада трендке айналды. Алғашқы шығарылымда алты елден келген сегіз өнерпаз сахнаға шығып, түрлі мәдениеттер мен музыкалық мектептердің үндесуін көрсетті. Кештің шарықтау сәті – Димаш Құдайбергеннің өзі ұсынған ерекше музыкалық қойылым болды. Сыншылар бұл өнерді «Ұлы Жібек жолының үні» деп атап, оның Шығыс пен Батысты жалғаған символдық мәніне тоқталды.
Музыкалық шоу әр бейсенбі сайын сағат 22:00-де Hunan TV және Mango TV арналарынан көрсетіледі. Байқаудың алғашқы кезеңінің жеңімпазы атанған қазақ әншісі Нұржас Садырбаев та жобаның Қазақстан өнері үшін үлкен мүмкіндіктер ашып отырғанын айқындай түсті.
Voice Beyond Horizon – Димаш Құдайбергеннің тек орындаушы ғана емес, халықаралық деңгейдегі продюсер ретінде де жаңа белеске көтерілгенін дәлелдейтін жоба.
Dodanews.kz

































