Көктем келісімен елімізде жыл сайын қайталанатын қауіп – су тасқыны биыл да сезіле бастады. Қостанай облысының бірнеше ауданында қардың күрт еруінен жолдарды су басып, кей елді мекендерде еріген су тұрғын үйлерге жақындаған. Ресми мәлімет бойынша, әзірге үйлерге қауіп жоқ, бірақ Мичурин кентінде су небәрі 30 минуттың ішінде көшелер мен аулаларды басып кеткені туралы тұрғындар дабыл қақты. Құтқарушылар су сору, тәулік бойы кезекшілік, дронмен бақылау жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады. Яғни, жағдай “бақылауда”.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы көктемде Батыс және Солтүстік Қазақстанда болған су тасқыны ел тарихындағы ең ірі апаттардың біріне айналды: ресми деректерге сәйкес, 10 мыңнан астам үйді су басты, 100 мыңға жуық адам эвакуацияланды, ондаған елді мекен қирап, миллиардтаған теңге шығын келді. Көп жерде бөгеттер сыр беріп, кей өңірлерде қауіп алдын ала болжанғанымен, нақты әрекет кешігіп жасалды.
Биыл билік “сабақ алдық” дейді. Қыс бойы қар қалың түсті, ал көктем күрт жылынды – демек тәуекел жоғары. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қауіпті аймақтарда мыңдаған шақырым арық-канал тазартылып, жүздеген шақырым бөгет нығайтылған, ондаған мың құтқарушы мен техника дайындыққа келтірілген. Бірақ Қостанайдағы бүгінгі жағдай бір нәрсені көрсетіп отыр: жүйе әлі де реактивті жұмыс істейді, яғни мәселе туындағаннан кейін ғана қозғалады.
Негізгі проблема өзгермеген. Инфрақұрылымның тозуы, гидротехникалық нысандардың жеткіліксіздігі, жергілікті деңгейдегі үйлестірудің әлсіздігі жыл сайын қайталанады. Ең қауіптісі – судың келу жылдамдығы. Мичуринде болған жағдай соның дәлелі: жарты сағатта көшені су басса, кез келген ресми “дайындық” қағаз жүзінде ғана болып қалуы мүмкін.
Қазір жағдай тұрақты деп бағаланғанымен, бұл – тек маусымның басы. Алдағы апталарда қар толық еріп, өзендер таси бастайды. Сол кезде нақты көрініс белгілі болады. Былтырғы сценарий қайталанбайды деуге ешкім кепілдік бере алмайды.
Су тасқыны – күтпеген апат емес. Ол жыл сайын қайталанып келеді. Сондықтан басты сұрақ өзгермейді: Қазақстан шынымен тасқынға дайын ба, әлде тағы да «жағдай бақылауда » деген мәлімдемемен шектеле ме? «Байтақ» партиясы су тасқыны қауіпі бар солтүстік облыстарды өз бақылауына алады.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































