Мектеп – білім беретін орта ғана емес, сонымен қатар баланың тұлға болып қалыптасатын, оның ішкі жан дүниесі еленетін мекен. Ал осы үдерісте мұғалімнің рөлі айрықша. Бұл мақалада мұғалімнің қамқорлығының арқасында буллингіге ұшыраған оқушының өмірі қалай өзгергені туралы баяндағымыз келеді.
Бастауыш сыныптың қой аузынан шөп алмайтын, байсалды оқушысы Әли (есімі өзгертілді) үнемі өзін оқшау ұстады. Сыныптастарымен ойнамайтын, сабаққа да белсенді араласпайтын. Қолындағы кітабы мен үнсіздігі оның жалғыз серігіне айналған. Бір күні сынып жетекшісі оның көзіндегі мұң мен ішкі күйзелісті байқап, баламен оңашада сөйлесуге шешім қабылдады. Сырласу барысында бала терең күйзеліске түсіп жүргенін, өзіне сенімсіз екенін және өмірден түңілгенін айтты. Сол сәтте ғана мұғалім Әлидің біраз уақыттан бері буллингіге ұшырап жүргенін, өзін керексіз сезінетінін, тіпті өмірден түңіле бастағанын білді. Бұл бала үшін ішкі жанайқай еді. Әдетте үндемейтін, бұрышта жалғыз отыратын, көзіне мұң ұялаған бұл бала – сыныптастарының мазағына жиі ұшырайтын еді. Ол ешкіммен сөйлеспейтін, сабаққа енжар қарайтын, тіпті кейде мектепке келмей де қалатын. Мұғалім оның жан дүниесін түсініп, қолдау көрсетті. Мұғалім дереу әрекет етті: ең алдымен, баланың сеніміне кіріп, оны жайлы ортаға бейімдеді. Сыныптағы оқушылармен жеке жұмыс жүргізіп, ұжымда сыйластық пен түсіністік ауанын қалыптастырды. Ол баланың мықты тұстарын атап, оның ерекше қабілеттерін аша бастады. Біртіндеп бала сурет салуға, эссе жазуға қызығушылық таныта бастады. Сыныптастары да оның қабілеттерін байқап, бұрынғы көзқарасын өзгертті. Бір кездері буллингіге ұшыраған бала енді сыныптың мақтанышына айналды. Сабақта белсенді, шығармашылықпен айналысатын, өз пікірін еркін жеткізе алатын тұлға болды. Бұл оқиға мұғалімнің жай ғана білім беруші емес, баланың тағдырын өзгерте алатын тұлға екенін дәлелдеді. Шынайы қамқорлық пен сенім – баланы тығырықтан шығарып, өмірге жаңа серпін беретін алпауыт күш екенін көрсетті. Уақыт өте келе ол өзін еркін сезіне бастады, жаңа достар мен өзінің ортасын тапты. Өмірінің мәні пайда бола бастады.
Бүгінде Әли – сыныптың белсенді оқушысы. Түрлі байқауға қатысып, мектебінің мақтанышына айналған. Бұл жетістіктің артында мұғалімнің сезімталдығы, мейірімі мен кәсіби шеберлігі тұр.
Бұл оқиға – кез келген педагогтың баланың жан дүниесіне үңіліп, қажет сәтте қолдау көрсете алса, оның тағдырын өзгерте алатынына дәлел. Мұғалім – тек білім беруші емес, ол – оқушы жанының емшісі де.
Аида Мұзафарова
«№200 мектеп-гимназия» педагог-психолог
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы