Әлемде бір шындық бар: қару-жарақ өндірмейтін мемлекет – толық тәуелсіз емес мемлекет.Бүгін жаһандық қару нарығында алдыңғы орындарды АҚШ, Франция, Қытай, Ресей иеленіп отыр. Бұлар – тек әскери алпауыттар емес. Бұлар – технологиялық, саяси және экономикалық ықпал орталықтары. Бірақ мәселе оларда емес.
Мәселе – кеше ғана кедей, шикізатқа кедей, соғыстан көз ашпаған елдердің бүгін қару нарығында көш бастап кетуінде.
Соның айқын мысалы – Оңтүстік Корея.
Соғыс жағдайындағы ел қалай экспортшыға айналды?
Оңтүстік Корея 1953 жылдан бері формалды түрде соғыс жағдайында өмір сүріп келеді. Оның қарсы алдында – КХДР. Кез келген сәтте қақтығыс басталуы мүмкін.
Бірақ Сеул қорқып, тығылып отырған жоқ. Керісінше, қауіптен индустрия жасады.
2000 жылы Корея қару экспортында 31-орында еді. Бүгінде – сегізінші. 20 жылда осындай секіріс жасау үшін не керек?
Табиғи байлық па? Жоқ.
Мұнай ма? Жоқ.
Кең аумақ па? Жоқ.
Керек болғаны – саяси ерік пен жүйелі стратегия.
Мун Чжэ Ин әскери реформаны бастады. Юн Согель оны жасанды интеллектке негізделген «Әскери инновация 4.0» бағдарламасымен жалғастырды.
Билік ауысты. Бірақ бағыт өзгермеді.
Міне, мемлекетшілдік деген осы.
Корея не істеді?
Корея үш нәрсені түсінді:
Қару өндірісі – қауіпсіздік кепілі.
Қару өндірісі – жоғары технология.
Қару өндірісі – экспорттық табыс.
Сондықтан олар ірі жеке корпорацияларды іске қосты: Hanwha Group, Hyundai Rotem, Korea Aerospace Industries, LIG Nex1.
Бұл компаниялар тек қару жасап отырған жоқ. Олар технология жасап отыр. Роботтандырылған зауыттар, жасанды интеллект, экспортқа бағытталған өндіріс.
Корея қаруды тек сатқан жоқ – оны Польшада, Австралияда, Таяу Шығыста бірге өндіріп жатыр. Технологияны бөлісіп, нарықты кеңейтіп жатыр.
Олар әлемдік нарықтағы бос кеңістікті пайдаланды. Ресей соғысқа кіріп кеткенде, Еуропа үлгермей жатқанда, Корея дайын тұрды.
Өйткені олар 20 жыл бұрын дайындықты бастап қойған еді.
Түркия қалай өзгертті?
Екінші мысал – Түркия.
2000 жылдары Түркия қарудың басым бөлігін сырттан алатын. Бүгінде дрон нарығында әлемдік брендке айналды.
Baykar шығарған TB2 дрондары бірнеше соғыста шешуші фактор болды. Түркия қазір:
дрон шығарады,
зымыран жасайды,
танк құрастырады,
әскери кеме салады,
әуе қорғаныс жүйесін дамытып жатыр.
Анкара бір нәрсені түсінді: қару өндірмейтін ел – саяси қысымға ашық ел.Сондықтан олар «ұлттық әскери индустрия» деген ұғымды мемлекеттік идеология деңгейіне көтерді.
Ал Қазақстан ше?
Енді ең ауыр сұрақ. Қазақстанда:
темір бар,
мыс бар,
сирек металл бар,
уран бар.
Яғни, шикізат жетеді.
Бірақ біз не істеп отырмыз? Дайын өнімді сатып аламыз.
Құрастыру деңгейінен аса алмаймыз.
Толық циклды өндіріс жоқ.
Неге?
Себебі біз қару өндірісін стратегиялық сала деп мойындаған жоқпыз.
Бізде:
ұзақ мерзімді әскери-индустриялық доктрина жоқ;
жеке секторды тарту жүйесі әлсіз;
технологиялық трансфер саясаты нақты емес;
батыл саяси шешім жоқ.
Корея шикізатсыз отырып, индустрия құрды.
Біз шикізатпен отырып, индустрия құра алмай отырмыз. Айырмашылық қайда? Айырмашылық – ойлау жүйесінде.
Қару жасау – соғысқұмарлық емес
Кейбіреулер қару өндірісін милитаризммен шатастырады.
Бұл – қате.
Қару өндірісі – ең алдымен:
инженерлік мектеп,
жоғары технология,
жаңа материалдар,
электроника,
жасанды интеллект,
экспорттық табыс.
Бұл – экономика. Егер Қазақстан дрон өндірісін жолға қойса, ол тек әскери сала емес, азаматтық секторға да серпін береді. Егер біз оқ-дәрі өндірісін дамытсақ, бұл металлургия мен химия саласын жандандырады. Егер біз бронетехника жасасақ, машина жасау саласы көтеріледі. Қару – локомотив сала.
Неге біз батыл емеспіз?
Шындық ащы.
Біз әлі де импорттық қауіпсіздік моделіне сенеміз.
Біз әлі де «біреу қорғайды» деген психологиядан толық шыққан жоқпыз.
Біз әлі де технологияны сатып алуға болады деп ойлаймыз. Бірақ технология сатылмайды. Ол бірге өндіріледі немесе өзің жасайсың.
Таңдау уақыты келді
Оңтүстік Корея таңдады – және жеңді.
Түркия таңдады – және күшейді.
Қазақстан ше?
Біз шикізат сатушы ел болып қала береміз бе?
Әлде жоғары технологиялы мемлекетке айналамыз ба? Қару өндірісі – тек әскери мәселе емес.
Бұл – ұлттық намыс мәселесі.
Бұл – болашақ экономика мәселесі.
Бұл – тәуелсіздік мәселесі.
Егер біз 10–15 жылдық нақты индустриялық бағдарлама қабылдамасақ, тағы да сырттан сатып алушы болып қала береміз. Ал сатып алушы ешқашан үстел басында тең ойыншы болмайды. Сұрақ ашық тұр:
Қазақстан батыл шешім қабылдай ма, әлде тағы да мүмкіндікті өткізіп ала ма?
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Dodanews.kz
































