Home Қоғам Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі өзгереді

Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі өзгереді

11

Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Тиісті түзетулер Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 13 қаңтардағы бұйрығымен бекітілді.

Жаңартылған тәртіпке сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін арнайы шот ашқаннан кейін электрондық өтініш тапсырады. Өтініште арнайы шоттың нөмірі, қаражатты пайдалану мақсаты мен қолжетімді сома көрсетіледі. Құжат өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.

Айта кету керек, бұрын электрондық өтініште жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілдері де көрсетілетін. Енді бұл талап алынып тасталды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан аумағында біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында мына бағыттарда пайдалануға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, тұрғын үй сатып алуға алынған ипотекалық қарыздың негізгі сомасын ішінара немесе толық өтеуге, сондай-ақ жеке тұрғын үй салуға болады. Бұған жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық үшін жер телімін сатып алу да кіреді. Алайда мұндай қарыздар тек тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы алынуы тиіс.

Сонымен қатар біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша құқықтарды жұбайына немесе жақын туыстарына беруге мүмкіндік сақталады. Алайда бұл құқықтарды үшінші тұлғаларға қайта өткізуге жол берілмейді. Бұған дейін қағидаларда тек салым шарты туралы айтылған еді.

Түзетулер тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы төлемдерді пайдалану тәртібіне де өзгеріс енгізді. Егер белгіленген мерзімде қажетті растайтын құжаттар ұсынылмаса, пайдаланылмаған қаражат өтініш берушінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына кері қайтарылады.

Бұдан бөлек, қағидаларға жаңа норма қосылды. Егер өтініш берушінің арнайы шотынан біржолғы зейнетақы төлемі қате түрде БЖЗҚ-ға аударылса, уәкілетті оператор өтініш берушінің келісімін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қордың атына электрондық хабарлама жолдайды. Ал БЖЗҚ хабарлама түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қаражатты уәкілетті операторға қайта аударады. Бұл сома кейін өтініш берушінің арнайы шотына есепке алынады.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал жекелеген нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыла бастаған.

Алдыңғы жазбаМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзі