Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

19

Роман

 (жалғасы)

Түріктің екі қолы түйіскен күннің ертеңінде Қапаған қаған әскер-басыларын жинап үлкен кеңес өткізді.                                                                                                               – Ағам Елтеріс қаған Құтылықтың айтып кеткен аманатын орындадым. Ордоста қалған қалың жұртты табғаш езгісінен құтқардым. Бұл – менің түрік елінің тізгінін қолға алған кезден бергі ұлы жорығым, – деген Қапаған қаған жоғарыдан төмен қарай алқа-қотан отырғандарға сынай қарап, жөткірініп қойды. Бұнысы табғашқа қарсы аттанысқа көңілі толатынын сездіргені. Отырғандардың біразы бас шұлғыды. Құптағандарын білдірді.                                                                                                            – Әлбетте, соғыс құрбандықсыз болмайды, алайда тұтқиылдан тигендіктен  шығын аз. Есесіне елге ел қостық. Қатарымыз көбейді. Айнала отырған дұшпанымыз көк түріктердің қандай күшке айналғанын сезетін болды. Сірә, ендігәрі төрімізге келіп шалжиып отырып, асымызды ішіп, аяғызды теуіп кеткісі келетіндер аяқтарын аңдап басатын шығар. Әрине, кешегі Бумын мен Естеміс қағандардай екі жүз мың әскер ұстап, жарты әлемді түрік атының тұяғына таптатқандай айбарлы қағанатқа айналуға әлі ерте болар. Бірақ түрік баласын құртамын деп жасанып келген жаудың көкірегіне көк найзамызды тіреп қарсы алатындай күшке жеттік.                                                 – Оның рас, – деді Қапағанның оң тізесін ала отырған Тоныкөк, – ол кез, айнала отырған жұрт түрік атының дүбірін естісе зәре-құтты қалмайтын заман еді. Жер-жаһанның жалғыз иесімін дейтін табғаштың өзі алым-салық төлеп, ару қыздарын қатындыққа қағандардың қойнына салып отырды. Бумын қаған Ордоста жүз мың қол ұстаған, Естеміс жағбы батыста жүз елу мың жасақ бастап, Көк теңізді көктей өтіп, Темір қақпаға дейінгі жұртты дәргейіне кіргізген, керуен ағылған Жібек жолын өздеріне қаратып, көл-көсір пайда көрген заман еді. Айнала отырған тайпалар түрік қағанының қас-қабағына қарап саясат жүргізген кез-тұғын. Түріктің құлы құлды, күңі күңді болған тұс еді. Қазір соның бәрі көрген түстей. Қағандарымыз да, батырларымыз да бір-бір балбалтасқа айналып сахараның әр тұсында қалды. Сағынышпен еске алатындай, ол бір түріктердің тасы өрге домалаған керемет дәуір еді. Түрік оғыланының түкіргені түйме алтын, қақырғаны құйма алтын болған кез. Амал бар ма, өзге жұртты малша өргізіп, жусатып отырған түрік қағанатын табанының бүрі жоқ, қара халықтың емес, қара басының қамын ойлаған, қысық көздердің тәтті сөзіне иланып, асыл бұйымына қызыққан қағандар тас-талқан етті емес пе! Қағанат қайтып тұрмастай құлады. Қағанатты сая тұтқан бұқара енді өзге елге кіріптар болып қалды, алайда тәңір қолдап, Құтылық атқа мінді. Мен атқа қондым. Түрік ұрпағы жойылып кетпесін деп көк сүңгінің ұшымен бостандыққа жол аштық. Жеттік. Бөрілі байрағымызды жоғары көтердік. Ер басына қамшы тіреп, ат үстінде ұйықтаған күндер артта қалды, ал мына жорық сырта қалған қандасымызды өзгеге талатпай, қорғайтын, азат ететін деңгейге көтерілгенімізді көрсетті. Көк тәңірі біздің бұл жорығымызды құп алды, кешегі өткен ұлы күндер қайта оралды, – Тоныкөк есе сөйледі. Кешегі күні Құтылықпен тізе тірестіре отырып жауға қалай шапқаны, Ордос емес, Өтүкеннің исі түрік еліне жерұйық болатындығы жөнінде көсіліп бір сөйледі. Бұл жорықтың өзге шапқыншылыққа қарағанда мән-маңызы өзгеше екеніне де тоқталды.                                                                                                                                     – Елге ел қосылды. Құтты жорық болды. Бүгін қосылған жұрт ертең өсіп-өніп, түрік елінің қарасын молайтады. Қарасы көбейген халық, іргеде отырған саны аз жұртты жұтып алады. Өзіне сіңіреді. Түбі олар да бір тілде сөйлейтін, бір нанымға бағынатын, сол жолда жан беретін түрікке айналады. Кешегі өткен Құтылықтың, бүгінгі Қапағанның, осыны айтып отырған мына мен –Тоныкөктің арманы осы болатын.                                                                                                                                                     – Жөн айтасың, ақылгөйім, –деді Қапаған Тоныкөкке ризашылықпен қарап. – Кешегі өткен Бумын мен Естемістің құдіретті мемлекетінің деңгейіне жету үшін әлі де керегемізді кеңейтуге тиіспіз. Ат тұяғы жетер жердің бәрін түрік қағанының дәргейіне көшірсек, қажет болса  табғашты да табанымызға таптап, алтын тағына неге отырмасқа! Сүйтіп, көк аспанның астындағы дүйім жұртты түріктің көк шыбығының астына алып, малша иіріп, жосадай жусатсақ, кім бөгет…                                                                                                              Қапаған алғаш рет осы жерде ішкі ойын ашық айтты. Табғаш жұртын басқарсам деген түпкі арманын білдірді. Сахарада көшіп-қонған жұртты ғана емес, аспан астының жалғыз қожасымыз дейтін елді де бір шыбықпен үйірсем деген ниетін сездірді.                                                                                                                                                     – Иә, неге отырмасқа! – шаңқ еткен дауыс естілді. Жұрт дауыс шыққан жаққа бұрылған. Бұл Қапағанның үлкен ұлы Енел еді. Жиырмадан асқан Енел де әкесімен еріп жорықтарға барғанымен, Күлтегін мен Бөгідей ер емес еді. Қанды қасаптың ортасында атын ойнақтатып, қылыш сермеспеген. Әлжуаз, бозөкпелеу біреу-тұғын. Үстіне табғаш бекзадаларындай зерлі ұзын жібек көйлек, сыртынан көк мауытты күртеше киіп, беліне табғаш ұсталары соққан сабы күміспен көмкерілген қанжар байлаған, ойсыз тасырайған көзді, торсықтай толық денелі Енел әкесіне тікке қарап:                                                                                                                                       – Табғаштың тағы сізге лайық! –деді шіңкілдеген дауысымен, әлгіндегі сөзін қайталап. – Қылышымызды қайрап, сүңгімізді ұштап, ат терлетіп алыстан келген соң, табғаштың шет аймақтарын шапқаннан гөрі орталығына барып, билеушісінің алтын сарайын түрік атының тұяғымен таптатып, ханымын қатындыққа алып, айналасына аждаһаша ысқырған елдің қыздарын, аяғымызды жуатын күңге, еркектерін мал бағатын қара табан құлға айналдыру керек еді. Ер үстінде отырып  ел басқарғаннан гөрі, алтын тақта отырып пәрмен берсеңіз, астыңыз күйіп қалмасы хақ. Бүкіл дүние сіздің алдыңызда құрақ ұшып, бас иер еді ғой. Өтүкендегі тер сасыған қос-күркелердің орнына табғаштардай қала салсақ, тәңірге табынатын храмдар соқсақ, тері тонды тастап, торғын-торқадан киім кисек, жылы-жұмсақ, тәтті тістесек, жүзім шарабынан ұрттасақ болмас па?! Мына мен киген киімді түріктің баласы кисе, үстінен жидіп түсіп қалмас! Біз кімнен кембіз, кімнен қормыз?

Ұлынан мұндай сөз күтпесе керек, Қапаған да бір сәт үнсіз қалды. Бірақ жүзінен Енелге деген ризалықтың кейпі байқалды. Ұлының өзін қолпаштап айқұлақтана сөйлегеніне  көңілі марқайып, табғаштың алтын тағына бүгін барып отыра қалатындай жалданып, маңғаздана қалды. Ал өзге жұрт қағанның ұлын не қостарын, не қарсы уәж айтарын білмей дағдарды, дегенмен  Енелдің сөзіне Бөгі мырс еткен. Жақтырмағаны. Шатынай қарап, көздерімен Енелді атып жіберердей болып, отырған орнынан қозғалақтап кеткен Күлтегін:                                                                                – Сен, не тантып тұрсың! – деген гүр етіп. – Әкем Құтылық табғаштан исі түрік елін азат етемін деп атқа қонғанда, еркін болсын, өз алдына ел болсын деді. Сол үшін күресті. Мына жорықтың өзі, табғаштың жемсауына түсіп тыпырлап жатқан қандастарымызды құтқару жорығы емес пе! Түріктің аттан түскені, қанаты қырқылған құспен тең! Ұлы рухтың өлгені. Жоқ, Енел, біз үшін сайын дала жұмақ мекеніміз, асқар таулар арқасүйер қорғанымыз, асау өзендер шөлімізді қандырар зәмзәм болмақ! Біз осы далада соққан желдей гулеп жүруге тиіспіз! Біз еркіндік сүйген елміз.Тас қамал соғып, оның ішінде отыру бізге жат. Табғаштың алдыңа тастаған сүйек-саяғын кеміріп, жуындысын жалап, балағына оратылу, қанымызға сіңбеген! Терісін тірідей іресең де, қыңсылап дыбыс бермес текті бөрінің ұрпағымыз. Еркіндік, тек еркіндікте өмір сүруге тиіспіз!                                                                 Саңқылдаған Күлтегіннің дауысы жорық шатырына ғана емес  айғай жетер жерге дейін естіліп жатты. Енел Күлтегінге тік қарауға беті шыдамай, төмен қарап, көк мауытты күртешесінің етегін сипалаған күйі отырып қалған. Бірдеңе десе, Күлтегін арыстандай атылып келіп, бүріп тастайтындай сезінген. Тіпті болмаса қолындағы тоғыз өрім, жыландай ысқырған қамшымен бір тартып жібере ме деп  те жасқаншақтады. Күлтегіннің найзагерлігі, қылышкерлігі бір басқа да, қамшыгерлігі тым ерек еді. Оны Енел жақсы біледі. Талай куә болған Күлтегіннің қамшымен бір тартқан адамы тіл тартпай кететініне. Енелдің Күлтегіннің алдында жатқан тоғыз өрімді, жылан тілді қамшыға қорқа қарап мелшиіп қалғаны содан. Төрде отырған әкесі де қорған бола алмайтындай үрей бойын билеп алған. Қапаған үнсіз, әлгіндегі жүзіндегі жылымықтың ізі де қалмаған. Қара сұр жүзі түтігіп, қанын ішіне тартып Бөгі мен Күлтегінге жауыға қарап біраз отырды. Ұлы мұның көкейіндегі ойды айтты. Рас, тек көшпелілерді ғана емес, табғашты да бас идіріп, ат шаптырым алтын сарайда алтын тақта отырып, ел басқарсам деген бір арман көкейінде баяғыдан бар-ды. Әйтсе де оның еш уақытта іске аспайтынын, азғантай түрік жұрты қанша жауынгер болғанмен, табғаштай алып елді бүріп табанға салып таптай алмайтынын білетін, бірақ көңіл деген көк дөнен кейде шарықтап кететіні бар. Қырға да шығады, ойға да түседі. Тұсаулап ұстау қиын-ды.

– Мен – Тоныкөк табғаштың ішінде туып-өстім, – Күлтегіннің сөзінен кейін сілтідей тына қалған тыныштықты Тоныкөк бұза сөйледі. Бір-біріне қарап жауыққандарды райынан қайтарғысы келді ме, әлде өнбес даудың арты қанды қақтығысқа, бет жыртысқа айналып кетуін қаламады ма, Тоныкөк тамағын бір қынап алды да, сөзін жалғаған.                                                                                                                           – Табғаштың жылы сөзі қара тасты да идірерін білемін.Торқа-жібегі талай елдің мойнына тұзақ болып оралғанын да білемін. Талай қағанның сол тұзаққа шырмалып өлгенін де білемін. Табғаштың тәтті сөзіне түрік баласы алданбауы тиіс! Торғын-торқасынан киім кидім деп малданбауы тиіс! Табғаш түрікті жүз орап алатындай күш-қуатқа ие ел. Адам саны сансыз. Біз оларға қарсы бір жорық жасасақ, олар бізге қарсы жүз рет шапқыншылық жасауға әлеуетті. Бұл жорықта табғаштың жиырмадан астам шеткі қаласын қираттық деп астамсуға болмас. Ертең олар осы жерге жүз қала салуға қауқарлы. Бұл жолғы жорықтың мақсаты, Ордоста қалған қандастарымызды азат ету еді. Көк тәңірі қолдап, қол жеткіздік. Мақсатымыз табғашты жаулап, дәргейімізге көшіру емес-ті. Оған біздің күйіміз жетпейді. Бүгін қиратып, басып алғанымызбен табан тіреп отыра алмаймыз. Отырғызбайды да. Табғаштың мыңдаған қаласына он түріктен қондырсақ та, он жылға жетпей табғашқа сіңіп, әдет-ғұрпын қабылдап, сол елдің тілінде шүлдірлеп шыға келері хақ. Бұл исі түріктің жер бетінен жоғалуына алып келеді. Күлтегін дұрыс айтады. Қала салып, оның тесігінен сығалап, күн кешу – түрік баласы үшін жат. Біз сайын далада бұлттай көшіп, желдей есіп, еркін жүруді аңсаған елміз. Ер – біздің тағымыз, тері-жарғақ – киіміміз, қымыз-қымыран – сусынымыз. Шашасынан жел ескен сәйгүліктер біздің еркіндігіміздің кепілі. Түрік баласы аттан түсуге тиіс емес! – Тоныкөк желпіне сөйледі. Енелдің айтқандарын құптамайтынын ашық сездірді.                                                                                      – Жөн айтасың, абызым! –деп, отырғандар Тоныкөктің айтқандарына ырза болысты. Ұлының ойсыздау сөзіне, тері тонды тастап, табғаштың мауыт матадан тігілген киімін кигеніне қапа болды ма, Қапаған:                                                                                                                         – Дұрыс айтасың, ақылгөйім. Біз төбемізді күнге, бетімізді желге сүйдірген, шашасынан жел ескен сәйгүліктерді мініс қылған, сүтін сусын қылып ішкен, етін тамақ қылып, талғажау еткен, терісін илеп, киім киген, киіз туырлықты, ағаш уықты елміз. Еркіндік біздің тәңірден алған еншіміз. Тас қала тұрғызып, төбесінен жан-жаққа күн салып қарап, күн кешер жайымыз жоқ! – деді, сосын, Енелге сұсты көзін қадап:                                                                                                                                     – Шеш ана үстіңдегіні! Өрте! Менің кіндігімнен жаралаған бала  басқаша сөйлеуі керек еді. Сен болсаң, қайдағы бір қаланы айтып, Өтүкеннің жел-боранына қамсау болуға жарамайтын табғаштың бөзін кигенді жетістік көріп отырсың. Ел боламын деген жұрттың баласы өзгенің қаңсығын таңсық көрмес болар!                                    Қапағанның ызғар төге қатты айтқаны Енелді отырған жеріне кіргізіп жібере жаздаған. Заты, әкесінің бұлай жекіре сөйлегенін көрмеген ол, отырған жерін көзбен шұқып қатты да қалды. Бөгінің табалай мысқылдай күлгенін, Күлтегіннің ұлына жеккөрінішті көзбен қарағанын Қапаған аңғарды. Бір сәт ұлын аяп кетті «нем бар еді жазғырып, менің жұртқа айта алмай жүрген арманымды жеткізді. Онда тұрған не бар? Табғаштың киімін кисе, балалық болар, піспегені болар. Түріктің кім екенін, табғаштың кім екенін әлі-ақ саралап, байыбына жетер кез келер. Жұрттың алдында абыройын төккенім, артық кеткенім болды-ау» деген бір ой көкейінде жылт еткен. Өз ұлының Құтылықтың қос бөрісі алдында көжектей жәутеңдеп қалғаны қағанның жанына батып-ақ кетті. Күлтегіннің Енелге көз астынан сыздана қарағаны, Бөгінің «бір биеден ала да, құла да туады» деп мысқылдап, шалқайыңқырап отыруы қағанға ұнамады. Бір орайы келген кезде Құтылықтың қос бөрісі ұлын жемтік етуге даяр екенін аңдағандай болды. Күлтегін мен Бөгіге ата жауындай, жек көре қарады. Тіпті бұл екеуінің өзіне де қауіп төндіруі мүмкін екені де көкейінде қылаң берді. Өзіне дейінгі талай қағанның қапылыста тақ мұрагерлері сілтеген қылыштан қаза тапқанын біледі. Ал мына қос бөрі ауыздықтана келе көк найзаларын көкірегіне сұғып алмасына кім кепіл? Қапаған қаған өз ойынан өзі шошып кетті. Онысын айналасында отырғандарға сездірмеуге тырысты. Есіне әлдене түсті ме, Күлтегін мен Бөгіге сүзіле қарап:                                                                                                                        – Бұрнағы бір соғыста қолымды ойсыратып кеткен аздардың біраз адамын қолға түсіріп, менің жарлығымды күтпей, іші боқ бір ат мінгізгеніне бола қоя беріпсіңдер. Бұл қайткендерің? Арсыланбектің қызын есігімде күң қылып ұстап отыруды маған көп көрдіңдер ме? – Қаған қабағынан қар жауа сөйледі. Әлгінде Енелге ауған жұрттың назарын енді Құтылықтың қос ұлына бұрды.                                                                 – Аздар – менің ата жауым! Қойша көгендеп, малша бауыздармын, әлі! Бірін қалдырмаспын!

Терісіне сыймай ашуланып, дауысын алқымынан  шығарып,  гүжілдей сөйлеген қағанға тайсалмай тік қараған Күлтегін:                                                                            – Азғантай аздарды шауып алу қиынға тимес, бірақ біздің алға қойған ұлы мақсатымыз, айнала жұртқа бөрідей тию емес. Керісінше, құшағымызға тартып, аз елді көбейту емес пе?! Әкем Құтылық «қылыштың жүзі өтпеген жерде, айла-амал керек, жылы пейіл есік ашады» деп отырушы еді. Аттандап жауды көбейткеннен гөрі, ертең өзімізге тірек, қажет болса сүйеу болатын досты көбейткеніміз жөн болар. Кеше аздар бізге жаулық ниетте болса, ертең бауырымызға кіріп, қарамызды молайтары хақ. Мен бұған сенімдімін!

Қызбалана сөйлеп, оң қолымен семсерінің сабын қыса ұстаған Күлтегіннің тізесін басқан Бөгі:                                                                                                                               – Айтқаныңыз орынды, – деді қағанға қарап, – рас, күні кеше аздар түркештердің сойлын соқты. Мініске ат берді, жасақ берді, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Көк аспан мен қара Жер куә, бірақ кешегі әңгімеден кейін білгенім, Арсыланбек қазір ауру. Қанша ғұмыры қалғанын тәңірі шешер, бірақ кешегі қызының сөзі көңілге қонды. Ол тайпаның алдағы тағдырын сол қыз шешері хақ. Аздар көп ұзамай іргемізге келіп қоныс тебері анық.                                                                           Бөгінің көңілге қонымды салмақты сөзі Қапағанның ашуын басты. Әрі болмайтын дауды қуып, Құтылықтың қос ұлымен бас араздықты қоздатқысы келмеген, бірақ іштей тіксініп қалды. Бұл қос бөрі түбі ауыздықтауға көнбей, бас бермес асауға айналып кететінін жан дүниесімен сезді. «Бір орайын табармын» деген іштей кектеніп. Мұнысын сыртқа сездірмеді, өйткені бұларсыз күні жоғын біледі. Әлі алда түркештермен түртісерін, оғыздармен ойрандасарын, қырғыздармен қырылысарын, байырқарларды барып басарын білетін. Қазірдің өзін де он алтыдан енді асқан Күлтегіннің майдан даласындағы батырлығы жер-жаһанға жайылып үлгерген. Тоғыз буынды найзасын өңгере шауып, көк түрікке көгере қараған талай елдің баһадүрлерін шаншып өлтірген. «Күлтегін келе жатыр» деген де, соғыспай-ақ алдарынан бас ұрып шығатын жұрт та көбейген. Ал Бөгінің қызбалыққа салынбай, алысты көздеп, алды-артын тек ақылмен шешетін парасаттылығы бар. Топтанған жауға жалаң қылышпен тап беретін жүрек жұтқан батылдығы Күлтегіннен кем емес, осының бәрін есепке тізген Қапаған қиын сәтте бозөкпе ұлы Енел емес, Күлтегін мен Бөгіге арқа сүйейтінін біледі. Содан болар көпшіліктің алдында Күлтегіннің ежірейе қарап, тік сөйлегенін елемеген сыңай танытты. Әңгіменің ауанын өзгертіп, табғашқа елші жібермек мәселені көтерді. Ертесінде тұтқынға түскен табғаш әскерінің ауру-сырқау, кәрі-құртаңдарын кері қайтарып, қалғандарының басын шаптырды.

 

****

Табғаш билеушісі У ханым бүгін көңілді. Ордостан келген шапқыншылар, Шаша Сүңгінің қаза тапқанын, түріктер көптеген қалаларды өртеп, тонап кеткенін жеткізген. У ханым Ордостағы қалалардың қирағаны, тоналғаны, сол өңірде көшіп-қонып жүрген далалықтарға жататын көп жұртты түріктер өздерімен ерте кеткеніне қыңған жоқ. Қол сілтеген. Күйреген бір қаланың орнына әлі он қала тұрғызыларын біледі. Табғаш елі оған қауқарлы. Көк түріктердің шылауында кеткен жұртқа да мән бермеді. Орманға қарап ұлыған бөрінің тұқымы ғой, олардың Ордосты жайлап, шекара түбінде отырғаны табғаш үшін қауіп. Бірде кешегі Құтылық секілді біреу шығып, қол жинап ойламаған жерде тап берсе, ауыздықтау қиынға түспек, ал олардың өз қандастарына ілесіп, тескен тау асып, көшіп кеткені тіптен жақсы деп жосыған. Иығынан бір ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалды. Бас қолбасшының кесілген басын, шапқыншылар қапқа салып ала келген екен. Ыстықта жиди бастаған басқа жиіркене қараған У билеуші «құтылдым-ау» деген іштей толқып.                              «Алтын тақты ұлыма алып беріп, мені зынданға тастамақшы болып едің. Енді сол қара түнекке өзің бар!»                                                                                               Қара қан ұйып қалған басқа бір түкірді.                                                                     «Жауға қарсы тұра алмаған қасиетсіздің басын қадірлеп қажеті жоқ! Қаланың сыртына апарып, лақтырып тастаңдар», – деді сұрланып. Осылайша, талай уақыт Ордосты көшпелілерден қорғап келген қолбасшының басы, тек тақтың ыстық табын ғана ойлаған қатынның кесірінен итке таланып, құрт-құмырсқаға жем болды. Сол күні У билеуші сарайдағы уәзір, ақылгөй-кеңесшілерімен бірге әскер басыларын жинап кеңес өткізді. Шаша Сүңгінің орнына бас қолбасшы етіп өзінің айтқанынан шықпайтын Су Дин-Пянды тағайындады. Су Дин-Пян әу баста сарай күзетшілерінің бірі еді. У ханым тұтқын болып келген кезде, астыртын сарайдағы әңгімелерді жеткізіп, Гаоцзунға жақындауына да мүмкіндік жасаған жан. Гаоцзун қайтыс болып, тақты иеленген соң, Су Дин-Пянды өзінің жеке күзетінің басшысы етті. Бұл Будда дінін насихаттап, жария еткен кезде Су Дин-Пян оны қолдады. Будда храмдарын қайда салу керектігі жөнінде де ақыл-кеңес беріп отырды. Кейінен ол табғаш орталығы Чанъань қаласындағы гарнизонның басшысы дәрежесіне көтерілді. Енді күллі табғаш қолының бас қолбасшысы атанды.                                                                                            – Түріктердің бұл шапқыншылығы жауапсыз қалмауға тиіс. Дабыл қақ. Жиналған әскерді алып, түріктердің соңына түс! Шап! Қират! Жабайыларды екінші рет Ордостың маңайына жолай алмайтындай ет! – У ханым жүзінен ызғар шашып, тепсіне сөйледі.

– Құп тақсыр, – деді Су Дин-Пян басын жерге дейін иіп.                                             Арада жарты ай өткенде, он сегіз өлкеден жиналған жүз елу мыңға тақау қолды бастаған табғаш қолбасшысы Ордосқа аттанды. Бұл кезде Қапағанның көші Өтүкеннің алқымына жетіп қалған. Тек көшкен елдің артына қалқан ретінде қалдырылған Күлтегіннің кіл жүйрік мінген шағын жасағы өздерін қуып, Су Дин-Пянның әскері келе жатқанын естіді. Әрекетке көшті. Өтүкеннің бір қылта тұсында қаннен-қаперсіз келе жатқан табғаштардың жақын қалған жасағына кенеттен соққы беріп, тас-талқан етті. Көптеген мініс аттары мен қару-жарақты олжалаған түріктер қайтып ұрысқа кірмей, Өтүкеннің қалың жынысына кіріп жоқ болды. Алғашқы жорықта-ақ басы тасқа тиген Су Дин-Пян түріктерді індете қууға жүрегі дауаламады. Дәл сол тұста ішкі жақтан келген шабарман тибеттіктер көтеріліп жатқанын жеткізді. У билеуші кері қайтып, тибеттіктерге аттану жөнінде бұйырық беріпті. Осы хабар Су Дин- Пянды масқара жеңілістен құтқарып қалды. Түк бітірмеген табғаштың қалың қолы күннің ыстығында арып-ашып кері қайтуға мүжбүр болды. Тан мемлекеті қиын-қыспаққа қалғаны рас еді. Тибеттіктермен бірге өзге бір қиырдағы татаптар мен қидандар да бостандыққа барар жол іздеп, атқа қонған-ды. Жан-жақтан бір мезетте бұрқ ете қалған көтерілісті басып-жаншуға табғаштың мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне тақ пен сарайдағы  жас ханзадалардың ыстық құшағына елігіп, мемлекеттің ауы мен бауына ие бола алмай қалған У ханымның көтерілісшілерді  талқандауға шамасы жоқ-ты, бірақ бұл дағдарыстан құтқарған Қапаған қаған болды. Табғаштың басына түскен жағдайдан хабардар болған қаған жедел елші аттандырды.                                                       «Көтерілісті басып беремін, бірақ оның өтемі ретінде жыл сайын бізге салық төлеңдер. Құда-құдандалы  болайық, қызымды ұлың әйел етіп алсын. Түрік елін табғашпен тең дәрежелі қағанат екенін мойында» деген талап қойды.                                    Айлалы қатын: «Алдымен, татапты талқанда, қиданды қидала. Өтемі болады», – деп түлкі бұлаңға салды. Дәмелендірді. Жанына өзгелерді ертпей, тек ұлы Енелді алып, елу мың әскерді бастаған Қапаған жорыққа аттанды. Татапты талқандады. Қиданды қидалады. Табғаштардан азаттық алсақ деген көшпелілердің көтерілісін қан-жоса етіп басты, бірақ табғаш билеушісі сөзінде тұрмады. Тек жылына бәленбай орам жібек, бәленбай қадақ күріш беріп тұратынын жеткізді. Айлалы қатын осылай екі жеп биге шықты. Тұтанған отты екінші бір көшпелілердің қолымен сөндірді. Өзінің алданғанын білген Қапаған жолындағы табғаш елін дым қалдырмай тонап, өртеп кері қайтты.                                                                                                                       Қидандармен татаптардың бостандық үшін жанталасын Қапаған қолдағанда, табғаштан тепіреш көрген өзгеде тайпаларға ұран тастап, бөрілі байрақтың астында жұмылған жұдырықтай болып, бірге аттанғанда, бәлкім, сол тұста табғаш мемлекеті тарих сахнасынан сырғып түсіп қалар ма еді? Бірақ батырлығы зор  болғанмен, елдің болашағын болжай алмайтын Қапаған бір айлакер қатынның тәтті сөзіне еріп, бостандығы үшін жанталасқан тайпалардың үнін өшірді, жөргегінде тұншықтырды. Сөйтіп, жантәсілім алдында тұрған табғаш елінің өмірін ұзартып берді…

(жалғасы  бар)

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

 

Алдыңғы жазбаҚазақстан Газаға әскер жібере ме?
Келесі жазбаWBO Жәнібек Әлімханұлын бір жылға жарыстан шеттетті