Қырғызстан саяси жүйесінде соңғы жылдары қалыптасқан «екі орталықты» басқару моделі тарих сахнасынан кетіп барады. Президент Садыр Жапаров 10 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы әрі вице-премьер қызметін атқарған Камчыбек Ташиевті қызметінен босатты. Бұл шешім Ташиев Германияда ем қабылдап жатқан кезде жарияланды және оның өзі үшін «толықтай күтпеген жағдай» болғаны айтылды.
Бұл оқиға Қырғызстандағы билік архитектурасының түбегейлі өзгеруін білдіре ме? Әлде бұл алдағы президенттік сайлау алдындағы тактикалық қадам ба?
«Тандем» феномені: биліктің қос тірегі
Жапаров пен Ташиев одағы ел ішінде «экидос» – «екі дос» деп аталып кеткен еді. Бірі – саяси легитимділік пен президенттік институттың символы, екіншісі – күштік құрылымдардың нақты бақылаушысы. Бұл модель билікті ұстап тұрудың тактикалық формуласы болды.
Саясаттанушылардың пікірінше, мұндай «қос орталықты» жүйе бастапқыда тұрақтандыру миссиясын атқарғанымен, уақыт өте келе ішкі бәсекелестікке жол ашуы мүмкін еді. Президенттің Ташиевті қызметінен алуы – осы ықтимал тәуекелді жою әрекеті ретінде қарастырылады.
Күштік блокты қайта құру: ықпал әлсіреуі ме?
Отставкадан кейін небәрі бір тәулік ішінде күштік құрылымдарда ауқымды өзгерістер жасалды. ҰҚМК құрамынан Шекара қызметі бөлініп, дербес мемлекеттік органға айналды. Сонымен қатар, бұрынғы 9-қызмет негізінде Президентке тікелей бағынатын Мемлекеттік күзет қызметі құрылды. Енді ол тек мемлекет басшысының ғана емес, стратегиялық нысандардың да қауіпсіздігіне жауап береді.
Бұл қадамдар ҰҚМК ықпалын әлсірету және қауіпсіздік саласын тікелей президенттік бақылауға алу әрекеті ретінде бағаланып отыр. Яғни, «екінші орталықтың» институционалдық базасы бөлшектенді.
Сарапшылар мұны биліктің вертикалын күшейту және шешім қабылдау жүйесін толықтай бір қолға шоғырландыру деп сипаттайды.
Парламенттегі толқулар және элита тазалығы
Турбуленттілік парламентке де жетті. Дереккөздердің мәліметінше, бірқатар депутаттарға жұмысқа шықпау туралы ескерту жасалған. Ташиевке жақын спикердің де қызметінен кетуі ықтимал екені айтылуда. Сонымен бірге, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы үндеуге қол қойған 75 тұлғаның кейбіріне қатысты тінту мен тергеу әрекеттері басталған.
Билік бұл процестерді тұрақтылықты сақтау және ықтимал дестабилизация әрекеттерінің алдын алу ретінде түсіндіреді. Кей сарапшылар мұны «кезекті төңкеріс әрекетінің жолы кесілді» деп бағалайды. Ал оппозициялық ортада бұл саяси алаңды тазарту деп қабылдануда.
Сайлау факторы: бәсекені жою ма?
Келесі президенттік сайлау келесі жылдың қаңтарына белгіленген. Ресми мәлімдемелерде сайлау белгіленген мерзімде өтетіні және тұрақтылық басты мақсат екені айтылды.
Дегенмен саяси шолушылардың бір бөлігі Ташиевтің ықпалы мен әлеуеті болашақта саяси бәсекеге айналуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ол қауіпсіздік құрылымдарына ғана емес, парламент пен аймақтық элиталарға да ықпал еткен тұлға саналады.
Сондықтан оның қызметтен алынуы ықтимал бәсекелесті алдын ала бейтараптандыру амалы болуы мүмкін деген болжам бар. Әсіресе Қырғызстан тарихында билік транзиті сирек жағдайда бейбіт өткенін ескерсек, президент өз позициясын барынша нығайтуға мүдделі болуы заңды.
Сыртқы саясаттағы астар
Кейбір сарапшылар бұл өзгерістердің сыртқы саясат векторымен де байланысты болуы мүмкін екенін айтады. Жапаров тобы Ресей және Қытаймен стратегиялық әріптестікті басым бағыт ретінде ұстанады. Ал Ташиевке жақын ортада Таяу Шығыс пен Еуропа бағыттарына қызығушылық байқалғаны туралы пікірлер бар.
Егер бұл рас болса, онда қазіргі трансформация тек ішкі билік үшін күрес емес, геосаяси басымдықтарды қайта айқындау қадамы болуы ықтимал.
Тарихи сабақ және жоғары ставкалар
Қырғызстан тәуелсіздік алғаннан бері биліктің бейбіт әрі мерзімді ауысуы сирек құбылыс болды. Көптеген президенттер қызметінен мерзімінен бұрын кеткен. Бұл жолы жағдай өзгеше бола ма?
Бір сарапшының айтуынша, Ташиевті қызметтен алу – финал емес, жаңа әрі шиеленісті саяси маусымның бастауы. Енді бүкіл жауапкершілік бір адамның – президенттің өз мойнына жүктелді. Экономикалық, әлеуметтік немесе сыртқы саясаттағы кез келген сәтсіздік енді «ішкі тандем қайшылығымен» түсіндірілмейді.
Сонымен қатар, биліктен шеттетілген топтың реванш жасау ықтималдығы да күн тәртібінен түспейді. Бұл элиталық қайта бөлініске, саяси қысымның күшеюіне немесе жаңа одақтардың құрылуына алып келуі мүмкін.
Саяси ойын ба, әлде жүйелік трансформация ма?
Ташиевтің отставкасы – жай ғана кадрлық өзгеріс емес. Бұл Қырғызстандағы билік моделінің өзгеруі. «Екі дос» дәуірі аяқталды. Оның орнына биліктің бір орталыққа шоғырланған жаңа форматы қалыптасуда.
Бұл шешім алдағы сайлауға дайындық па, ықтимал бәсекені жою ма, әлде шынайы жүйелік реформа ма – оны уақыт көрсетеді. Бірақ бір нәрсе анық: Қырғызстан жаңа саяси кезеңге қадам басты. Ал бұл кезеңнің қаншалықты тұрақты болатыны биліктің жауапкершілігі мен саяси мәдениетіне тікелей байланысты.
Сөз соңы: Осыдан бір күн бұрын ғана «Қырғызстанда билік тразиті ме әлде кезекті саяси турбуленттлік пе?» деген мақала жазып, онда қырғыз саясат алаңында алдағы уақытта үлкен бір дүрбелең басталатынын болжам жасаған едік. Арада тәулік өтпей жатып Жапаров саяси «ойынды» бастап кетті. Арты не болады? Күтелік.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Dodanews.kz

































