«Мектеп мұғалімдерінің қолындағы
билігін премьер-министрлер тек
армандай алады.»
Уинстон Черчилль,
Ұлыбританияның атақты саясаткері
Адамзат игілігіне жарап жатқан жер бетіндегі мыңдаған мамандықтың әрбірінің өзіне тән қадір-қасиеті, қызығы мен шыжығы, салмағы мен талабы, қырық қыры, сексен сыры болады. Олардың бәрін бір өлшеммен кесіп-пішіп – дәрігерді домна пешінің операторымен, мұғалімді металлургпен, шопанды шахтермен, ақынды астронавтпен, көше сыпырушыны космонавтпен т.б. салыстырып, біріне мұрын шүйіріп менсінбей қарап, екінші бірін ерекше мейріммен маңдайынан сипап мақтаныш тұтуға болмайды. Мейлі, ол көрқазушы болсын өз қызметін шебер, жауапкершілікпен атқаратын болса, құрметпен қарауға тиіспіз. «Жүйрікте де жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, мұғалім мамандығының ауыр жұгін арқалап жүргендерді басқалардан биік қоймағанмен, ұрпақ тәрбиесін ұйыстырып жүретін еңбегіне ерекше екпін түсіріп айтуға болады. Қазір мұғалім еңбегіне деген көзқарас бұрыңғыдай емес, өзгеріп келеді: төрге шығармағанмен, табалдырықта қалып жатқан жоқ. Бұрыңғыдай деп отырғанымыз, тәуелсіздік «бандиттің» маскасын киіп кіріп келгенде, бірінші болып мұғалімдер «таяқ» жеген еді. Жартымсыз жалақымен жан баққан мұғалімдердің көбі бақытың базардан іздеп кеткен еді. Қазір, Құдайға шүкір, жалақылары өсіп, мәртебелері биіктеп келеді. Десек те, білім сапасы ала-құла күйінде қалып жатқанын жасырып, жабуға келмейді. Өйткені мұғалімдердің сыртқы формасы жарасып тұрғанмен, ішкі мазмұны – жансарайы жарқырап тұрған жоқ. Сол баяғы өз міндетіне деген жауапкершілік, жанкештілік, талапшылдық, жанашылдық жетіспейді. Күнкөріс қамымен өлгенінің күнінен уақыт оздырып, табалдырық тоздырып жүргендер көп. Оның үстіне «Қасқырды қанша бақсаң да, орманға қарап ұлиды» демекші, қызметіне енжар мұғалімдер «таксовать» етіп көлденен табыс тапқысы келіп тұрады. Бұл енді тасбақаны таспен ұрсаң да жорға шықпайды дегенге келіңкірейді.
Білім ошақтарының бірінші кезектегі міндеті – айтпаса да түсінікті – тәртіп пен тәрбиені оқумен ұштастыра отырып, білім сапасын арттыру болып табылады. Ол аспаннан түсе салатын оңай олжа емес, мұғалімдердің қажырлы еңбегін талап етеді. Қараңыз: мектептерде кадр тапшылығы жоқ, қайта «бас басыңа би болып» жүргендер көп; мектептің материалдық – техникалық базасы толық жабдықталған, ал неге білім сапасы ала-құла деген ой қауашағымызға маза бермейді. Ендеше білім мен тәрбие тізгінің ұстап отырғандардың құлағына алтын сырға, айтып көрейік.
Бала – бастауыш сыныпта белгілі бір дағды мен тәртіпке үйреніп, ынта-ықыласы оянып, талабы ұшталып, қарым-қабілеті қалыптасып үлкен өмірге қадам басады. Жазыла-жазыла жауыр болса да айтайық, білім негізі бастауышта қаланады. Бастауышта үлгерімі жақсы болған баланың бағы жанып, оқуды оңдырмағандар опық жейді. Бірақ баланы кінәлауға болмайды! Барлық мәселе сол бастауыш сыныптарда сабақ беріп жүрген апайларда ғой. Ұят та болса айтайық, қазіргі апайлардың арасында 25-35 жыл үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «кәрі-құртандары» көп. Бастауыш сыныпта сабақ беру жоғары сынып оқушыларына қарағанда «инемен құдық қазғандай» қиын. Біреудің тәлпіш қызын, мұрынбоқ баласын мәпелеп, әріп үйретіп, тәртіпке шақырып, асты –үстыне түсіп жан шуағын шашу қайдан оңай болсын. Бастауыш сыныптарда ұзақ жылдар үздіксіз сабақ беріп жүрген апайлардың тәжірибесі мол, білім қоржыны тола болғанымен қайраты кеміп, қажиды. Жастық шақтың жалыны сөніп, шау тартады. Бұрыңғыдай дауысы саңқылдап, балаларды баурап кете алмайды. Міне «бәленің» бәрі осы жерден басталады. Жасы ұлғайған адамның қимыл-қозғалысы баяулайды, жүріс-тұрысы қиындайды. Балаларға қатаң талап қойып талқылап, тексеріп отыруға ынта-ықыласы азаяды. Еріншектік етектен алып, жалқаулық жағаға жармасады. Оның үстіне дүниеге немерелер келіп, түнде бесік тербетіп, келім-кетім қонақтарды күтіп, басқа да үй шаруасы шаршатады. Ертеңіне шашын тарап, аз-кем бетін бояп партада отырған қаракөздердің алдында шаршаңқы көңіл-күймен сабақ бастап кетеді. Осылайша бастауыш сыныптардан шала сауатты, можантопай ұл-қыздарымыздың өсіп-жетілгенін, балардың обалына қалып жатқанымызды байқамай да қаламыз. Осыдан кейін 60-қа келген апайдан ақыл сұрама деуге мәжбүрміз.
Біздің айтайын дегеніміз – білім сапасына тікелей қатысты әңгіме ғой. Бастауыш сынып мұғалімдерін 60 жасқа дейін ұстап отыра бермей, тізгінді жалындаған жастарға ұстатсақ, ұтылмаймыз. Білім сапасының артатынына күмән болмайды.
Сократтың шәкірті болған философ Аристиппостың қасына бір кісі баласын ертіп келіпті. Философтың бала тәрбиесімен айналысатынын біліп, оған білгендерін үйретуді сұрайды. Философ: «Баланы шәкірттікке алғаным үшін 1000 алтын сұраймын» депті. Баланың әкесі шошып кетіп: «Немене?! Мың алтынға бір құл сатып алар едім!» ,-дейді. Сонда Аристиппос: «Иә, мың алтынға бір құл сатып алсаң болады, бірақ ол кезде үйіңде бір емес, екі құл болады ғой»,-деген екен. Білім саласындағы ала-құлалықты жою үшін философ Аристиппос болудың қажеті жоқ. Білім патшалығы әлеміне қадам басқан баланың әрбірімен жеке жұмыс істеу керек. Ол үшін бастауыш сынып мұғалімдерінен балаға деген сүйіспеншілік, қажыр-қайрат, талап пен талғам, ең бастысы – еңбекқорлық талап етіледі. «Француздың ең сұлу қызы бойындағы барын ғана бере алады» демекші, мұғалімдердің алаған қолдары береген болмай жатады. Бір айта кететін жәйт, мектеп жасындағы балаларды оқыту мен тәрбиелеу ЖОО студанттеріне тәлім бергеннен анағұрлым қиын. Қиын деген бергі жағы, нағыз азап десе де болады. Өйткені студент – кәмелетке жасы толған азамат: айтқанға көнеді, айдағанға жүреді. Ал мектеп жасындағы баланың жөні бір басқа. Ақыл-ойы толыспаған, шолжаң, еркетотай, қырсық-қыңыр, айтқанды ұқпайтын балалар мұғалімдерді мойындай бермейді. Сондықтан мұғалімдер балалардың басынан сипап, арқасынан қағып, әупірім тәңірмен кластан класқа көшіріп жібере салады. Бұл ауыр еңбек мұғалімдерді қажытпай қоймайды, тіпті титықтатып тастайды.
Біздің айтайын дегеніміз, тікелей «тіоі адаммен» жұмыс істейтін мектеп мұғалімдерінің ерекше еңбегін ескеріп, басқалардан бөліп-жарып алып, бүгінгі таңда белгіленген зейнет жасы – «қызыл сызықтан» 4-5 жылға төмендетсе, көкейтесті мәселенің күрмеуі шешілер еді. Ал мектепте жүрген нәзік жандылардың жөні айтпаса да түсінікті.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин заманында тамаша бір дәстүр болған: дәріс беретіндер дәрет алып, тазаланып: «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!» деп сабақты бастайтын болған. Біз бұл дәстүрді бүгінгі мұғалімдерге таңғымыз келмейді, бірақ жансарайы жарық, таза, адал болса екен дейміз.
Махамбет Сапармұратов,
білім беру ісінің құрметті қызметкері
Түркістан облысы































