Home Басты жазба Геосаясаттағы жаңа ойыншы: түркі әлемі оянып келеді

Геосаясаттағы жаңа ойыншы: түркі әлемі оянып келеді

31

Мамыр айында Түркістанда өтетін кезекті саммит — жай ғана дипломатиялық жиын емес. Бұл — соңғы онжылдықта біртіндеп күшейіп келе жатқан, бірақ әлі толық бағасын ала қоймаған құбылыстың айқын көрінісі деуге  болады. Түркі әлемі енді ән айтып, күй шертіп қана бас қосатын кезеңнен әлдеқашан өтті. Қазір олар есеп жүргізіп, келісім жасап, ықпал бөлісетін деңгейге көтерілді.

Бүгінгі таңда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жиынтық экономикалық әлеуеті айтарлықтай. Жалпы ішкі өнім көлемі шамамен 2 трлн доллардан асады. Халқы — 170 миллионнан көп. Бұл — әлемдік экономикада орта деңгейдегі ірі аймақтық блок деген сөз. Салыстыру үшін: мұндай көлем көптеген өңірлік ұйымдардан жоғары. Бір кездері «мәдени ынтымақтастық» деген жұмсақ ұғыммен басталған процесс бүгінде нақты экономикалық және саяси мазмұнға ие болды. Көлік дәліздері, инвестициялық жобалар, сауда келісімдері — мұның бәрі енді декларация емес, практикалық саясаттың бөлігі. Түркі мемлекеттері бір-біріне бұрынғыдан әлдеқайда қажет бола бастады. Бұл — романтика емес, прагматизм. Әсіресе қазіргі геосаяси турбуленттілік жағдайында. Әлем блоктарға бөлініп жатқанда, әр аймақ өз тірегін іздейді. Орталық Азия мен Кавказдағы елдер үшін бұл тірек — өзара жақындасу. Түркия үшін — ықпал кеңейту. Ал Қазақстан секілді мемлекеттер үшін — тепе-теңдік сақтау құралы.                                                                                                  Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Сарапшылардың бір бөлігі ашық айтпаса да, іштей мойындайтын нәрсе бар: бұл процесс жай экономикалық әріптестікпен шектелмеуі мүмкін. Тарихта мұндай интеграциялар көбіне бір бағытта дамиды — алдымен экономика, кейін саясат, соңында қауіпсіздік. Бұл өзгерісті халықаралық сарапшылар да мойындайды. Мәселен, америкалық зерттеуші, Орталық Азия бойынша маман Марта Брилл Олкотт бір сұхбатында: «Түркі мемлекеттері ұйымын тек мәдени жоба деп қарастыру — ескірген көзқарас. Бұл құрылым біртіндеп аймақтық ықпал институтына айналып келеді» деген еді. Оның пікірінше, ұйымның басты күші — оның икемділігінде: ол қатаң міндеттемелерге емес, ортақ мүддеге сүйенеді. Ал түркиялық саясаттанушы Синан Үлген бұл процесті прагматикалық тұрғыдан бағалайды. Оның айтуынша: «Пантүркизм туралы эмоциялық дискурс көп, бірақ қазіргі интеграцияның негізі — экономика. Егер сауда мен логистика байланыстары тереңдей берсе, саяси үйлестіру де табиғи түрде күшейеді». Бұл жерде маңыздысы — идеология емес, нақты пайда, ұстаным. Ресейлік сарапшылар бұл үрдіске әлдеқайда сақ қарайды. Мәселен, саясаттанушы Андрей Казанцев: «Түркі интеграциясы әзірге альтернатива емес, бірақ ұзақ мерзімде посткеңестік кеңістіктегі күш балансын өзгертуі мүмкін» деп ескертеді. Оның айтуынша, мәселе ұйымның қазіргі әлеуетінде емес, оның болашақтағы бағыты мен қарқынында. Дегенмен, барлық пікірлер бір нәрседе түйіседі: процесс жүріп жатыр. Және ол қайтымсыз сипат ала бастады. Әсіресе көлік дәліздері мен сауда бағыттарындағы өзгерістер осыны көрсетеді. Қытайдан Еуропаға өтетін балама маршруттар, Каспий арқылы өтетін логистика, ортақ инфрақұрылым жобалары — бұлар жай декларация емес, нақты геоэкономикалық қайта құру. тБритандық халықаралық қатынастар сарапшысы Нил Мелвин осыған назар аударып: «Түркі мемлекеттері ұйымының болашағы идеологияда емес, транзит пен энергетикада жатыр. Кім логистиканы бақылайды — сол аймақтық саясатта салмаққа ие болады» дейді. Бұл — қазіргі әлемдегі ең маңызды факторлардың бірі.                                                                         Ал «Тұран» идеясына келсек, сарапшылар оны әртүрлі бағалайды. Бірі оны болашақтың мүмкін сценарийі десе, енді бірі саяси миф деп есептейді. Бірақ қызығы — ешқайсысы оны толық жоққа шығармайды. Өйткені тарих көрсеткендей, интеграциялар көбіне дәл осындай жұмсақ форматтан басталады. Бүгін — экономикалық әріптестік, ертең — саяси үйлестіру, арғы күні — қауіпсіздік мәселелері. Бұл — табиғи эволюция.                                                                                                       Ақиқатын айтар  болсақ, түркі әлемі баяу, бірақ тұрақты түрде жақындасып келеді. Бұл — ұзақ процесс. Бір саммитпен, бір келісіммен шешілетін мәселе емес. Бірақ дәл осындай ұсақ қадамдар ертең үлкен өзгерістерге әкелетіні  шындық.  Сондықтан Түркістандағы жиынға жай жаңалық ретінде қарау — үстірт көзқарас. Бұл — болашақтың баяу жазылып жатқан сценарийі деуге  болады.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ» Жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаМЕМЛЕКЕТТІ МАЙШЕЛПЕК КӨРЕТІНДЕР КӨП